Альцгеймер ауруымен ауыратын адамға намаз парыз ба?
Альцгеймер ауруымен ауыратын адамға намаз парыз ба?
4 күн бұрын 924 фото: onclinic.ua

Ассаламуғалейкум! Альцгеймермен ауыратын кісіден фарыздар мойнынан түсе ме, үзір бола ала ма? Ана дүниеде сұрақ жауапқа тартвлмайды деген жоқ па екен?

Бисмилләһир рахманир рахим

Альцгеймер сырқатының бастапқы сатысындағы мұсылман әліде ақ пен қараны танып, ақыл жүгірте алатын жағдайда болса, ол намаз оқу міндетінен босатылмайды, өйткені «мүкәлләф» болудың алғы шарты - ақыл-есі сау болу. Намаз оқу керектігін ұғынатын, алайда оқыған намазын оқыған, не, оқымағандығын ұмытып қалатын ұмытшақ кісіні әзірге "ақылынан алжасқан" деуге ерте. Сондықтан да, ол кісі оқыған намаздарының ретін қағазға жазып немесе туыстарының айтуымен болса да оқып тұрғаны абзал.

Алайда, өзінің кім екендігін ұмытып қалатын, не істеп, не қойғанын білмейтін, туыстарын бір таныса, бір танымайтын және ақылынан алжасқаны себепті өз бетінше киінуден, жуынудан, ас ішуден қалған адамға намаз оқу парыз емес, ондай сатыдағы «альцгеймер» науқас шариғи бұйрықтардан босатылады. Ондай деңгейдегі науқас шариғи тұрғыды «жындының» үкімінде болмақ. Кейіннен Алла жазып, сырқатынан жазылған жағдайда оқымаған намаздары мен ұстамаған оразаларының қазасын өтемейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде былай деген: «Үш жағдайдағы адамға үкім жүрмейді: ұйқыдағы адам оянғанша, жас бала ихтиләм болғанша (яғни, балиғатқа толғанша) және жынданған адам ақылы оралғанша»1. Аллаһу аъләм.

Алла Тағала сырқаттанған пенделеріне емін дарытсын!


1Имам Тирмизи: «Сүнән»; Нәсәи: «әссунәнуль кубро».

Абдусамат Қасым