Саламатсыз ба! Умраға байланысты сұрақ бар еді. Меккеге ихрамсыз кіруге болады ма? Меккеге барған соң, хз. Айша анамыздың мешітіне барып, ихрам намазын қылып, Умра жасауға бола ма?
Меккеге ихрамсыз кірсе не болады?
|
Бисмилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.
Сәлеметсіз бе!
Ханафи мәзхабында қандай мақсатта барған болса да, Меккеге ихрамсыз кіруге болмайды, күнә болады. Сырттан келуші мұсылман Меккеге баруды діттеген болса, «миқатта» ихрамға кіруі тиіс. Ал егер миқаттан ихрамсыз өтсе, ол қажылық рәсімін бастамай тұрып, кері оралып «сырттан келушілерге тән миқаттың» бірінде ихрамға кіруі керек (яғни, ихрам киюі керек). Олай істемеген жағдайда, мысалы, миқатқа оралу мүмкіндігі болмай Мекке қаласында ихрамға кірсе, оған - Харам аймағының ішінде бір қой құрбан (не ешкі) шалу міндеті туады. Бұл айтқандарымыз қажылыққа ниет еткен (умра не үлкен қажылық жасаушы) мұсылманға қатысты.
Ал егер ниеті қажылық болмаса және Мекке қаласына кіруді де көздемесе, мысалы, сауда мақсатында басқа қалаға бет бұрған болса, ол миқат шегарасынан ихрамсыз өте алады, яғни, ол жағдайда ихрам кимесе болады, ол үшін оған еш нәрсе міндет болмайды1. Қысқасын айтқанда, Мекке қаласына ихрамсыз кіре алмайды, қалған қалаларына ихрамсыз кіре алады.
1Нәжәх әл-Хәләби: «Фиқһуль Ибадат аля мәзхәбиль ханафия». Қажылық тарауы.