Үзір иесі мәсіге мәсих тарта ала ма?
Үзір иесі мәсіге мәсих тарта ала ма?
7 жыл бұрын 7989

Ассалямуалайкум! Егер үзірлі адам дәрет алып жатқанда дәреті бұзылып, дәретін толық алып бітеді. Өйткені дәрет уақытында дәреті ұстамайды. Сосын мәсі киіп, келесі намаздарда мәсіге масих тартпы оқи берсе бола ма? Әлде дәретті болғанда ғана кию керек пе?  Анон.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Истихаза қаны, зәр тоқтамау, іштің тоқтаусыз өтуі, үнемі жел шығуы, мұрыннан немесе жарадан тоқтаусыз қан ағып тұруы сияқты үзірлі жағдайлардың біріне тап болған кісі әр уақтылы намазға дәрет жаңалап тұруы тиіс. Үзір иесі тек сол намаз уақыты ішінде ғана мәсіге мәсих тарта алады. Келесі намазға дәрет жаңаларда мәсіні шешіп, аяқты жуу керек. Өйткені, үзір иесінің өзге ағзалары секілді аяғының да дәретті үкімі келесі намаз уақыты кіруімен жойылады

Мысалы, бесін намазына дәрет алып, мәсі киген үзірлі кісі сол намаз уақыты ішінде дәретін бұзып, қайта дәрет алғысы келген жағдайда аяғындағы мәсіге мәсих тарта алады. Алайда, асыр намазының уақыты кіріп, дәрет жаңалаған тұста, мәсісін шешіп, аяғын да жууы керек. Бұл айтқанымыз мәсісін үзірлі күйінше киген кісіге қатысты.

Ал, дәрет алып, мәсі киер сәтінде үзірден таза болып тұрып, одан соң үзір пайда болса, онда сол киген мәсісіне бір тәулік бойы мәсих тартуына рұқсат дейді ғалымдарымыз[1].


[1] Фәтәуә әл-Һиндия: 1/38 бет. 
*Бір адамды үзірлі деп есептеуіміз үшін бойындағы үзірі бір намаз уақыты бойы жалғасуы керек. Содан кейінгі намаз уақыттарында бір рет болсын көрінуі оны үзірлі деп есептеуге жеткілікті. 

Абдусамат Қасым