Пломбасы бардың ғұсылы қалай болмақ?
Пломбасы бардың ғұсылы қалай болмақ?
11 жыл бұрын 8485

Ғұсылы жоқ адам тісіне пломба саларда міндетті түрде алдын ала ғұсыл құйынуы керек пе? Жалпы, пломбасы бар адамның ғұсылы қалай болады?

Біріншіден – тіске пломба салу емдік мақсатта болғандықтан, алдын ала ғұсыл құйынудың және дәрет алудың қажеті жоқ. Себебі, тіске салынған пломба – жарақат үстіне оралған таңғыш іспетті. Ал шариғатта су денедегі жарақатқа зиянын тигізсе, жарақат таңылып, ғұсыл мен дәретте сол таңылған орамалға мәсіх тартылады. Алдын ала дәретті болу шарт емес. Пломба да соған ұқсас.

Ендеше, пломба астындағы ойыққа су өту қиынға соғатындықтан, пломбаның үстінен шайып өтуі жеткілікті. Оның ғұсылға еш кедергісі жоқ. Осыған орай, Ханафи ғалымы Имам әл-Маусулидің өзінің «әл-Ихтияр ли Тағлилиль Мұхтар» атты еңбегінде айтқан мына сөзі мәселені аша түспек: «...Егер аяғының жарылған жеріне дәрі жақса және жағылған дәріден теріге су жұқпайтын болса, дәрінің үстіңгі бетінен судың ағуы жеткілікті»[1].


[1] Имам  Абдулла ибн Махмуд әл- Маусули: «әл-Ихтияр ли таълиль Мұхтәр» – 1-том. 98 бет.

Абдусамат Қасым