Отқа пісірілген тағамды жесең дәрет бұзыла ма?
Отқа пісірілген тағамды жесең дәрет бұзыла ма?
4 жыл бұрын 10374

Ассаламуғалейкум! Отқа пісірілген тағамдарды жесе дәрет бұзыла ма? Шархан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Отқа пісірілген асты жегені себепті дәрет жаңалау шарт емес. Көпшілік ғұламалардың тоқтамы осы. Өйткені, риуаяттарға қарағанда Алла елшісінің өзі (с.а.у.) отқа піскен асты жеп, одан кейін дәрет жаңартпастан намазға тұрған екен. Әмір ибн Үммия есімді сахаба былай дейді:

«Мен Пайғамбардың (с.а.у.) (піскен) қойдың жамбасынан бір кесек ет кесіп алып жегенін көрдім. Сол сәтте намазға шақырылды. Ол қолындағы пышақты қоя салды да дәрет алмай намаз оқыды»[1].

Осы хадисте Алла елшісі отқа пісірілген қой етін жесе де, дәрет жаңаламастан намаз оқығандығы ашық айтылып тұр. Бұның өзі отқа піскен тағамды жегені үшін дәрет бұзылмайтындығын ұғындыруда.

Осыған байланысты мынадай әңгіме кей кітаптарда айтылады: Ардақты сахаба Әбу Һурайра (р.а.) «От тиген нәрсенің бәрінен дәрет алыңдар» деген риуаятты келтіріп, сұрағандарға дәрет алуларын айтады екен. Сонда, Әзіреті Абдулла ибн Аббас (р.а.) Әбу Һурайра радияллаһу анһуға: «Отқа су жылытып, дәрет аламыз ғой. Оның үкімі не болады сонда?!» - деген екен Әбу Һурайраның пайымын дұрыс көрмей.

Тоқ етерін айтқанда, отқа піскен тағамды жегені үшін төрт мәзхабта да дәрет бұзылмайды. Ал «от тиген нәрсе себепті дәрет алыңдар»[2] - деген риуаяттағы «дәрет» сөзі – дәрет алуды емес, тамақ жегеннен кейін ауыз шайып, қол жууды білдіреді деуге болады.


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». 355 хадис.
[2] "تَوَضَّؤوا مِمَّا مَسَّتِ النَّارُ"

Абдусамат Қасым