Левкас жағылған қабырғаға таяммум соғуға бола ма?
Левкас жағылған қабырғаға таяммум соғуға бола ма?
6 жыл бұрын 6413

Әссәләму аләйкум! Таяммум жайлы сұрақ туындап тұр. «Левкас» жағылған қабырғаға таяммум соғуға бола ма? Және таяммум соғуға жарайтын қабырғалар қандай? Шынар

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Левкас – желіммен (клей) араластырылған гипс немесе бордан турады. Гипс те, бор да жер жынысына жататындықтан, құр «левкас» жағылған қабырғаға таяммум соғуға болады десек қателеспеспіз. Алайда, бояу жағылған дуалға таяммум соғылмайды. Өйткені, бояу «жер жынысына» жатпайды.

Ханафи мәзхабы бойынша, отқа жанбайтын және отқа ерімейтін барлық жер тектес заттарға таяммум соғуға болады. Мысалы: әк, керамикалық материалдар (яғни, жылтырауық жағылмаған - глазурлы емес керамика), кірпіш, тас, мрамор, құм, топырақ, шаң т.б. Өйткені Құран Кәрімде «таза жер жынысына таяммум соғып, беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар» делінген[1].

Левкастан бөлек, әктелген және құм, топырақ не цементпен яки гипспен сыланған дуалдарға да таяммум соғуға рұқсат.


[1] Ниса сүресі, 43-аят.

Абдусамат Қасым