Көзі ілініп кетсе, дәрет бұзылмайды ма?
Көзі ілініп кетсе, дәрет бұзылмайды ма?
11 жыл бұрын 28411

Бір жерге жастанып отырып (мысалы диванға сүйеніп) көзі ілінсе, бірақ жан-жағында не болып жатқанын сезіп, түсініп жатса, дәреті бұзылады ма? Осы сияқты жағдайлардағы дәрет жайлы түсіндіріп өтсеңіз! Қазыбек.

Қадірлі Қазыбек, дәрет бұзатын жағдайлардың бірі –ұйқы. Дегенмен, ұйқы қалпына қарай үкімі де өзгереді.

Кімде-кім жатып немесе бір жамбасына жамбастап отырып ұйықтаса, сондай-ақ, бір нәрсеге сүйеніп және сол сүйенген нәрсесін алған кезде құлап қалатындай дәрежеде ұйқыға кететін болса, бұл кісінің дәреті бұзылады. Өйткені, ұйқыдағы адамның ағзалары босаңсып, қырағылығын жоғалту нәтижесінде дәрет бұзатын жағдайлар еріксіз туындайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у) Тирмизиде келген бір хадисінде: «Тек жатып ұйықтаған ұйқы үшін ғана дәрет алу керек. Өйткені, жатып ұйықтаған кезде адам ағзалары босаңсиды»[1], – дей келе, дәретті бұзатын ұйқыдағы басты себепті айқындауда.

Сондықтан, ештеңеге сүйенбей малдас құрып немесе екі аяғын алдыға созып ештеңеге сүйенбей ұйықтаса, жүріп бара жатып болмаса тікесінен тік тұрып ұйықтаса, дәрет бұзылмайды. Себебі, мұндай ұйқыдағы кісі өзінің ұстанымдылығын жоғалтпайды[2].

Енді, сіздің сұрағыңызға келер болсақ, бұл жайында Ханафи ғұламаларының бірі Әбуль Мағали Махмуд ибн Ахмад әл-Бухари (хижри 616 ж.ө.) өзінің атақты әл-Мухит есімді кітабында былай дейді:

  • «Жатқан күйі көздің ілінуі жайында келер болсақ, бұның өзі ауыр және жеңіл боп бөлінеді. Егер айналасында айтылып жатқан нәрселерді естіп жатқан болса, ол жеңіл көз ілгендік болмақ. Ал, егер айналасында айтылған нәрселердің көбін естімейтіндей дәрежеде мызғыған болса, ол – ауыр. Жеңіл түрде көздің ілінгені дәретті бұзбайды. Ал, ауыр түрі дәретті бұзады»[3]

[1]Тирмизи, Китабут Таһарат – №77 хадис.
[2]Әл-Биная – 1/278-281 бет; Бадаиғ – 1/254 бет.
[3]Әл-Бухари, әл-Мухитул Бурхани – 1/69 бет.

 

Абдусамат Қасым