Жұма күні ғұсылдану сүннет пе, парыз ба? «Усуль» қағидалары бойынша қалай?
Жұма күні ғұсылдану сүннет пе, парыз ба? «Усуль» қағидалары бойынша қалай?
9 жыл бұрын 14954

Әссаләму ғалейкум! Жұма күні ғұсыл құйыну уәжіп пе, сүннет пе? Хадистерде «уәжіп» делінген ғой. Ханафи мәзхабында қандай дәлелдерге сүйеніп «сүннет» деген? Егер, мүмкін болса, "Усулу әл-Фиқһ» қағидасымен түсіндіріп берсеңіз!

Нұрлыбек Сабырғалиев

Уағалейкумуссәләм, Нұрлыбек! Жұма күні ғұсыл құйыну – сүннет. Ислам ғұламаларының көпшілігінің тоқтамы осы. Өйткені, Пайғамбарымыздың бірнеше хадистерінде оның уәжіп емес екендігін ұғындырған сөздері бар. Мысалы, бір хадисте:

"Жұма күні дәрет алған адамның ісі керемет, әрине. (Алайда) Ғұсыл құйынуы одан да абзал", - делінген[1].

Тағы бір риуаятта жұма намазына келгендердің арасында үстінен жағымсыз иіс шығып тұрған кейбір адамдарға Алла елшісі: «Ғұсылданып, шомылып келсеңдер нетті!» - дегендігі айтылған.

Міне, осы хадистерде жұма күні ғұсылы бола тұра, қосымша шомылып келудің уәжіп емес, сүннет және ұнамды әрекет екендігі меңзеліп тұр. 

«Усулу әл-Фиқһ», яғни, фиқһ әдістемесі ғылымында «әрбір бұйрық рай – уәжіптікті білдіреді» дейтін қағида бар. Алайда, оның «уәжіптігін» жойып, «сүннет» немесе «мұстахаб» дарәжесіне түсіретін «қарина», яғни,  желеу, себеп, дәлел табылып жатса, онда соған қарай үкімі де өзгереді.

Мысалы, бір хадисте: «Жұмаға баратын адам ғұсылдансын», - делінген. Осы жерде "ғұсылдансын" деген сөз бұйрық рай түрінде айтылғандықтан, бір қараған адамға жұма күні ғұсылы бола тұра шомылудың парыз екендігі байқалады. Дегенмен, жоғарыдағы хадистерде «абзал», «жуынса нетті» деген сөздерін назарға ала отырып, жұмада шомылудың сүннет болғандығын, ал, соңғы хадистегі бұйыра айтқан сөздің астарында «бұйрық» емес, «кеңес ету» жатқандығын аңғарамыз.

Осындай ерекшелік әрбір тілде бар. Мысалы, біздің тілде үйге келген қонаққа дастарқан басында: «тамақ іш», - дейміз. Бұл жерде міндетті түрде ішу керектігі бұйырылып тұрған жоқ. Міне хадис мен Құран аяттардағы бұйрық рай түрімен келген сөздерді де ғалымдар жік-жікке бөліп «мынауы парыз, мынауы мұстахаб, ал, басқасы «сүннетті» білдіреді»  деп орын-орнымен түсіндірген.

Байқап отырғанымыздай, кейде бір ғана хадиске қарап, асығыс үкім қою – қате. Сол тақырыпта келген өзге де хадистерді саралау керек. Бұл – араб тілін жақсы білетін, дін ғылымына жетік ғұламалардың ісі. 


[1] Тирмизи – №457 хадис.

Абдусамат Қасым