Жеке жуынғанда да әурет жерімді жабуым шарт па?
Жеке жуынғанда да әурет жерімді жабуым шарт па?
9 жыл бұрын 13026

Моншаға әуретті жаппай кірсем бола ма, жеке кабинаға, изарсыз?

Бағлан.

Қоғамдық моншаларда (общая баня, сауна) суға түскенде әурет жерлерді жауып жүру ләзім[1]. Бұл жайында сахаба Жәбир ибн Абдулладан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (): «Кімде-кім, Аллаға және ақырет күніне сенсе, дамбалсыз моншаға кірмесін...»[2], – дей отырып, моншада әурет жердің жабық болуына аса назар аударған.  

Ал, елдің көзінен таса жерде, жеке жалғыз өзі түсетін болса (мысалы, ванна, душ), әурет жерді жабу шарт емес, «мұстахаб». Неге десеңіз, хадис кітаптарында келтірілген «сахих хадисте» Мұса пайғамбардың қоғамдық моншаға бармай, жеке өзі жуынатындығы (өйткені, онда еркектер әурет жерлерін ашып жүретін) және жуынғанда (жалғыз түскендіктен) әурет жерін жаппайтындығы айтылған[3].

«Мұстахаб» деуіміздің себебі, бір сахабаның: «Адам кейде өзі жалғыз қалады? (сонда да әурет жабық болу керек пе)?», -  деген сұрағына ардақты Пайғамбарымыз (): «Алладан ұялу - (өзгелерден ұялғаннан да) маңыздырақ», - деп жауап берген екен[4]. Сол үшін, жалғыз жуынатын кезде де тым болмағанда "ауыр әурет"  саналатын жерлерді жапқан жақсы.

Ескерту: 

Монша т.б. жуынатын жерлерде жын-шайтан мекендеуі мүмкін. Сондықтан, ондай жерге кірерде  әжетхана дұғасын немесе "бисмилләны" айтып кірген жөн. «Бисмилләны» айту арқылы моншадағы адам мен жын-шайтан арасында бейне бір перде пайда болады. Осылайша, ұятты жерлерін олардың (жындардың) сұғынан қорғаған болады. Әзіреті Әлиден келтірілген бір риуаятта Алла елшісі (ﷺ) былай деген:«Адам баласы оңашаланған уағында («الخلاء» - яғни, әжетханаға яки моншаға кірер кезде) «Бисмилләһ» деп айтса, әурет жерін жындардың сұғынан қорғаған болады»[5].


[1] Ибн Абидин, Раддуль Мухтар, «Китабуль Ижәрә»
[2] Тирмизи, Китабуль Әдәб – 2801.
[3] Сахих Муслим:  Китабул хайз» - №339 хадис; Сахих Бухари:Китабул ғусл - №274 хадис.
[4] Тирмизи:Китабул әдәб - №2769. 
[5] Тирмизи - №606 хадис

Абдусамат Қасым