Ғұсылы жоқ адам бар үйге періште кірмейтіндігі хадисте айтылған. Бұны қалай түсінуге болады?
Ғұсылы жоқ адам бар үйге періште кірмейтіндігі хадисте айтылған. Бұны қалай түсінуге болады?
6 жыл бұрын 7752

«Періштелер сурет, ит және жүніп адам бар үйге кірмейді» делінген. (✅Әбу Дәуіт, Насаи.) Хадиске жүніп адамды да кіргізіпті хадисте. Осы дұрыс па? Бейбіт

Әзіреті Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың былай дегендігі айтылады:

عن علي رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال لا تدخل الملائكة بيتا فيه صورة ولا كلب ولا جنب

«Сурет, ит және жүніп болған адам бар үйге періштелер кірмейді»[1].

Хадистегі айтылған суреттен мақсат – жанды заттардың суреті, ал, жансыз заттардың суретіне рұқсат[2]. Ит мәселесінде де: аң аулайтын иттер, егістікті күзететін иттер, мал күзететін иттер, үйді ұры-қарыдан (егер анық қауіп болса) қорғану мақсатында ұсталған иттердің зияны жоқ дейді хадисші ғалымдар.   

Жүніп адамға келер болсақ, бұл жерде шомылуға мүмкіндігі бола тұра намазы қаза болғанша ғұсыл алмайтын, намаз оқымай еш себепсіз ғұсылсыз жүре беруді әдетке айналдырған кісіге қатысты болып отыр. Одан бөлек, намаз уақыты кіргенше ғұсыл алмай жүрудің періштелердің келуіне кедергі емес[3]. Бірақ дәрет алған абзал. Сахих риуаяттарда Пайғамбарымыздың ғұсылы жоқ күйі ұйықтаған кездері болғандығы, бірақ ондайда дәрет алып жататындығы айтылады. «Сахих Бұхариде» орын алған бір хадисте Әбу Сәләмә атты табиғин Айша анамыздан: «Алла елшісі жүніп болған күйі жататынба еді?» деп сұрағанда, Айша анамыз: «Иә. Дәрет алып жататын» деген[4]. 

Және де, ғұламалардың айтысына қарағанда, аталмыш жағдайларда мейірім мен берекет періштелері кірмейді екен. Одан өзге, қорғаушы періштелер және жақсылы-жаманды істерді жазып отырушы періштелер кіреді.


[1] Ән-Нәсәи: №-261 хадис; әл-Мүстәдрак - №260; Әбу Дәуід.
[2] Және де фотосуретті де кей ғалымдар тыйымның аясына кіргізбейді
[3] Шархус Сюти лисүнәни нәсәи: №261 хадис түсіндірмесі.
[4] Сахих Бұхари. №282.

Абдусамат Қасым