«Ғайбат айтса, жаман сөз айтса дәрет бұзылады» деген хадис бар ма?
«Ғайбат айтса, жаман сөз айтса дәрет бұзылады» деген хадис бар ма?
3 ай бұрын 2334

«Ғайбат айтса, жаман сөз айтса дәрет бұзылады» деген хадис бар ма?

Әлхәмдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Жаман және әбес сөз сөйлеген жағдайда дәрет жаңалаған абзал дегенге қатысты сахаба сөздері кітаптарда келтірілген. Атап айтсақ, сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) былай деген:

«Мен үшін жаман сөз сөйлегеннен кейін дәрет алу - таза тамақ ішкеннен кейін дәрет алғаннан гөрі сүйкімдірек».

Ардақты сахабаның айтпағы: адал ас ішіп болғаннан кейін, қол жуып, ауыз шаю - ұнамды амал, яғни, мұстахаб. Олай болатын болса, жаман сөз сөйлегеннен кейін ауыз шайып, дәрет алудың да жақсы амал болмағы заңды деп отыр. Айша анамыздың да (радияллаһу анһа) мынадай бір сөзі бар: «Сендердің біреулерің адал таза тамақтан кейін дәрет алады да, бірақ соқыр сөзден кейін дәрет алмайды» дей келе, жаман сөзден соң дәрет алған жақсы екендігін ұқтырған1. Айша анамыздың «соқыр сөз» дегені, қазақтың «қисық сөз» дегені секілді, жаман, әбес сөздерді білдіреді.

Қорыта айтқанда, ғайбат, өсек, боғауыз секілді әбес сөздер дәретті бұзбайды, бірақ одан кейін дәрет жаңалаған жақсырақ (бірақ міндет емес), себебі дәрет алу арқылы күнәсін жуған болады, аузын тазалаған болады. Алла Тағала Құранда: «Жақсылықтар жамандықтарды жояды» дейді2. Дәрет алып, артынан екі рәкәғат намаз оқыса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


Имам ән-Нәуәуи (рахимаһуллаһ): «әл-Мәжмәъу шәрхуль Мүхәззәб». Китабут тахарат.
Құран Кәрім: «Һүд» сүресі, 114 аят.

Абдусамат Қасым