Әссәләмуалейкум! Жуынатын жерге мейлі көпшілік монша болсын, мейлі үйдегі душ,ванна болсын жуынып жатып сол жерге кіші дәрет сындырса бола ма? Бұл жайында дінімізде не айтылған? Рахмет. Жалғасбек.
|
Душ, ванна, монша сияқты жуынатын жерлерде жуынып жатып дәрет сындыруға бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Исламдағы шомылу мадениеті бойынша, жуынатын жерде дәрет сындыруға болмайды, мәкруһ үкімін тудырады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм сахаба Абдулла ибн Муғфәлдан жеткен хадисінде былай деп бұйырған:
عن عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : لَا يَبُولَنَّ أَحَدُكُمْ فِي مُسْتَحَمِّهِ ، فَإِنَّ عَامَّةَ الْوَسْوَاسِ مِنْهُ
«Сендерден ешкім жуынатын жеріне дәрет сындырмасын. Шынында уәсуәс, күмәннің көбі содан болады»[1].
Аталмыш хадистегі «жуынатын жеріне дәрет сындырмасын» деген тыйымнан шомылып жатып жуынатын жеріне дәрет сындырудың мәкруһ екендігін ұғынамыз. Ал, «күмәннің көбі содан болады» деген сөзінен екі жағдайды аңғаруға болады:
Біріншісі – жуынып болғаннан соң зәр тиді ме, жоқ па, тисе тазаланып жуылды ма екен, - деген сияқты күмәндар туындауы мүмкін.
Екіншісі – кей кісілер дәрет пен ғұсылында, кейде намазында тым күмәншіл болып кетеді, тіпті кейбіреулерде онысы дертке айналып, психологқа жүгінуге туре келетіндей дәрежеге жетеді. Ондай күмәншілдік – жуынатын жерінде дәрет сындырғаннан туындаған болуы мүмкін. Аллаһу аълям (ең дұрысы Аллаға мәлім).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – душ, ванна, монша сияқты жуынатын жерлерге дәрет сындыруға болмайды, мәкруһ. Ол үшін арнайы дәрет сындыратын астауша (унитаз) бар.
[1] Имам Әбу Дәуід: Сүнән-№36 хадис.