Дәрет алуға да, таяммум соғуға да мүмкіндігі жоқ кісі намазды не істейді?
Дәрет алуға да, таяммум соғуға да мүмкіндігі жоқ кісі намазды не істейді?
11 ай бұрын 2388

Ассалаумағалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Таяммум соғуға жер жынысы немесе шаң-тозан табылмаса, не істеу керек?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дәрет алатын су немесе таяммум соғатын таза жер жынысын таппаған кесіні шариғат тілінде «Фәқиду ат-Тоһурайн» деп атайды, оның мағынасы: «екі тазалаушыны таба алмаған кісі» деген сөз. Екі тазалаушы деген, су мен топырақ. «Таба алмаушы» ұғымына – науқастық себепті таяммум соғуға қауқарсыз болған сырқат кісі де жатады.

Ендеше, мұндай күйдегі кісі намаздарын не істейді?

Дәрет алуға да, таяммум соғуға да мүмкіндігі жоқ кісі, Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуасы бойынша, намаздарын қазаға қалдырады. Қашан мүмкіндігі туғанда, қазаларын өтеп алады. Ұлы ғалымның бұл пәтуасына қосымша оның қос шәкірті мыналарды да айтқан: таяммум да соғуға мүмкіндігі жоқ кісі намаз уақыты кіргенде дәретсіз болса да намаз оқиды, анығырақ айтқанда «намаз оқушыға ұқсап бағады», бірақ кейіннен қазасын өтеп алуы керек, мұндағы мақсат уақыты кірген намазға құрмет көрсету.

Ендеше, дәрет алуға да, таяммум соғуға да мүмкіндігі жоқ кісі намаздарын қазаға қалдырып, кейін қазасын өтеп алады екен. Осы орайда, мүмкіндігінше дәретсіз болса да намаз оқығандай амал жасап (төсек тартып жатқандар таяммумсыз болса да ишарамен оқып мысалы), кейіннен мүмкіндік туғанда оқымаған намаздарының қазасын өтеп алады.

Абдусамат Қасым