Бейсенбі күні жуынған болса, онысы жұма күнгі сүннет ғұсылға есептеле ме?
Бейсенбі күні жуынған болса, онысы жұма күнгі сүннет ғұсылға есептеле ме?
6 жыл бұрын 11576

Әссәләмуғалейкум! Жұма күні жуынып, шайыну сүннет екендігін білемін. Дәл жұма күні шомылу керек пе, әлде бейсенбіде шомылған да есептеле ме? Ардақ

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадистерде: «Кім жұма күні жуынса...» деп келеді[1]. Ал, жұманың күні таң намазының уақыты кірісімен басталатыны мәлім. Сондықтан да, бір күн бұрын алынған ғұсыл - жұма күнгі сүннет ғұсылға саналмайды деуге негіз бар.

Ханбали мәзхабының ғалымы Ибн Құдаманың мынадай сөзі бар:

"Сүннетті орындағысы келген мұсылман жұма күні таң атқаннан, жұма намазы уақытына шейінгі аралықта қосымша ғұсылданғандары жөн. Бұл көпшілік ғұламалардың тұжырымы".[2]. 

Тіпті Имам Әбу Юсуф (р.а.) жұма күнгі ғұсыл жұма күнінің құрметіне емес, жұма намазы үшін алынады деген. Оның пікірінше, жұма намазының алдында ғұсылданып, сол ғұсылмен намаз оқыса, қосымша ғұсылының сауабы болады, ал күннің басында ғұсылданып, одан соң намазға дейін дәреті бұзылып дәрет алып, жұма оқыса, қосымша ғұсыл үшін сауабы болмайды екен. Имам Әбу Юсуфтың бұл тұжырымын кітабында келтірген Имам Мәрғинәни "дұрысы осы" деу арқылы, ғұсылды жұма намазға барарда алуды құп көрген.  

Әйтсе де, бейсенбіде ниеттеніп шомылған жағдайда, онысы жұма күнгі сүннет ғұсылға да жарамды дейтін Ханафи ғалымдары жоқ емес, өйткені мақсат - үстідегі жағымсыз иістен арылып, таза болып бару[3].

Ескере кетелік, ер кісілердің ғұсылы бола тұра жұма күні қосымша шомылып, ғұсылданулары сүннет амалына жатады. Алла сауаптан жазғай! 


[1] Мысалы, бір хадисте: "Жұма күні дәрет алғанның ісі керемет әрине. Ғұсыл құйынуы одан да абзал", - делінген.
[2] Ибн Құдама: әл-Муғни.  
[3] Әл-Айни: әл-Биная – 1/346 бет. 

Абдусамат Қасым