Ұрық донорлығына шариғат қалай қарайды?
Ұрық донорлығына шариғат қалай қарайды?
8 жыл бұрын 14748

Әссәләмуғалейкум! Менің сұрағым: Донор болып, сперма өткізуген бола ма? Н.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Ұрық донорлығы деп, әлдебір ер кісінің жалғыз басты әйелге немесе өздігінен баланы дүниеге алып келуге қабілетсіз ерлі-зайыптыларға жыныс жасушалары (генетикалық ақпарат) бар тұқымдық сұйықтығын беруді айтады.

Шариғатта бөтен еркектің ұрығын, яғни, некелі жарынан өзге еркектің ұрығын (сперма) әйелдің жатырына орналастыру – харам. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ.

Сахих бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.) былай деген:

«Аллаға және ахірет күніне сенетін адам өзінің суымен өзгенің көшетін суғармасын...»[1].

Бұл жердегі «судан» мақсат – шәует.

Исламда тек өзінің некелі күйеуінің ғана ұрығын, некелі жарына орналастыруға рұқсат. Ал, өзгенінкіні орналастыру – зина жасағанмен пара-пар (бірақ, зина жазасы орындалмайды).

Бұнымен қатар,  әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда, донорлықтың әлгіндей түрі қоғамда кейбір келеңсіз жағдайларды тудырары  анық: 

Біріншіден, тұқым қуалаушылық факторы негізінде айтар болсақ, ұрық донорлығы себепті белгісіз әлдебіреудің геніндегі психологиялық һәм физиологиялық ерекшеліктері балаға өтеді. Бұл дегеніміз, әкесінің генімен жеті қайнаса сорпасы қосылмайтын бала дүниеге келеді деген сөз.

Екіншіден, шариғатымыз дүниеге таза әрі тегі белгілі ұрпақ дүниеге келуін мақсат етеді. Ойнастың және некесіз жыныстық қатынасқа түсудің харам болуының бірден-бір себебі де осы. Өйткені, зинақорлық етек алған қоғамда кімнің ұрпағы екені беймәлім балалар дүниеге келіп, әкесімен туыстық байланысы белгісіз нәсіл пайда болады.  

Үшіншіден, шариғатта «неке кедергілері» деген түсінік бар, яғни, өз-ара некелесуге болмайтын жандар[2]. Соның ішінде, қаны бір бауырлас екі жас еш уақытта некелесе алмайды. Неке қиылған күннің өзінде, ол, неке – неке болып есептелмейді. Ал, енді, ұрық донорлығы – қоғамда қан араластығын тудырып, адамдар арасында туыстық байланысты болдырады. Бұл өз кезегінде, қоғамда некесіз отбасылардың құрылуына, ағайынды екі жастың жұптасуына алып келеді. 

Қазақ дәстүріндегі «жеті атаға шейін үйленбеу» пәлсапасының астарында: бауырлас екі жастың қосылуын болдырмау ережесі жатыр десек, ұрық донорлығы аталмыш ереженің тас-талқанын шығаратыны айтпасақ та белгілі.

Ендеше, "ұрық донорлығы" бағдарламасы шариғатқа қайшы. Мұндай жүйеге мұсылман кісінің ат салысуының өзі ағаттық.

Ал, енді, оның саудасына келер болсақ, ұрық саудасы Ислам экономика талаптарына сай емес. Неге десеңіз, шариғатта сауда дұрыс болуы үшін, сатылатын зат «әл-Мәлуль Мүтақаууим» болуы шарт. Яғни, біріншіден, сатылатын зат «мал-мүлік» санатынан болуы ләзім. Мал-мүлік санатына кірмейтін заттарға сауда келісім шарты жүзеге аспайды.  Мысалы, өлексе, қан, адам саудасы т.б. харам.  

Екіншіден, шариғат рұқсат еткен зат болуы керек.  Мысалы, мұсылмандарға доңыз етін сату, арақ-шарап сату т.б.  харам. Осы тұрғыда, адамның ұрығы – мал-мүлік санатына жатпайды. Сондықтан да, оның сатылуы дұрыс емес.

Оның үстіне, "Сахих Бухариде" келтірілген бір риуаятта, сахаба Абдулла ибн Омар былай деген:

«Алла елшісі (с.а.у.) хайуанның аталық мүшесінің шәуәтін сатудан тыйды»[3].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Әбу Дәуід: Китабун никах - №2158 хадис.
[2]*Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайтындығы жөнінде мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/januya/neke/sharigat-boiynsha-kimdermen-nekelesuge-bolmaidy-67/#gsc.tab=0 
[3]Сахих Бухари: Китабуль Ижара. Бәбу ъасбиль фахл.

Абдусамат Қасым