Түйенің зәрін ішудің үкімі қандай?
Түйенің зәрін ішудің үкімі қандай?
6 жыл бұрын 15155

1. Əссаламағалейкум ұстаз .сұрағым Пайғамбарымыз с.ғ.с түйенің зəрің ауырған адам ішсін деген хадис бар дейді сол рас па жалпы туйе зəрін ішудің үкімін айта аласыз ба Алла разы болсын сізге? Айдын.  

2. Ассалаумағалейкүм! Түйенің зәрімен емделу сүннет пе? Нұрсұлтан Алиев

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла елшісінің заманында «Ъукл және Ъурайна» атты екі тайпадан бір топ кісі Пайғамбарымызға келіп мұсылман болғандықтарын жариялайды. Келушілердің қарасы кейбір хадис кітаптарында жеті-сегіз адам деп келтірілген. Оның үшеуі Ъукл тайпасынан, төртеуі Ъурайна тайпасынан болған екен. Тағы біреуі жолшыбай қосылған басқа тайпаның адамы. Алайда, келушілерге Медине қаласының дымқыл ауасы жақпай, қатты сырқаттанып қалады. Бір деректерге қарағанда реңдері сарғайып, іштері ісіп кеткен екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды садақа түйелері жайылған «әл-Харра» деген жерге жіберіп, сол жердегі түйелердің зәрі мен сүттерін ішулерін бұйырады. Олар Пайғамбар айтқандай істейді. Сөйтіп жазылады. Алайда, олар діннен қайтып, түйені бағып жүрген түйешілерді өлтіріп, түйелердің бәрін айдап әкетеді. Алла елшісі арттарынан адам жіберіп, тұтқындап, ең ауыр жазаға тартады[1].

Осы хадиске сүйене келе, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.анһума) емдік мақсатта түйенің зәрін ішудің үкімін «мубах» санаған. Имам Мұхаммед бойынша, қалай болғанда да түйе зәрін ішуге рұқсат. Имам Әбу Юсуф бойынша, түйенің зәрі – нәжіс. Бірақ, ем ретінде ішуге болады. 

Мубах деушілердің қатарына Имам Мәлик пен Имам Ахмад ибн Ханбалді де қосуға болады.

Әйтсе де, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша (р.а.), түйенің зәрін емдік мақсатта болса да ішу харам. Өйткені, түйенің зәрі – нәжіс. Және онда шипа бары нақты емес. Сондықтан да, емдік қасиеті дәлелденбеген харам нәрсені емдік мақсатта ішу – харам. Ал жоғарыдағы хадис болса, ол аталмыш тайпадан келген адамдарға ғана хас айтылған дүние[2].  

Ендеше, Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуасы негізінде түйенің зәрі нәжіс. Оның әлдебір ауру түріне шипасы бары білікті мұсылман дәрігерлері тарапынан нақты анықталмайынша, ем ретінде ішуге болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз "Харамнан ем болмайды" деген. Және басқа бір хадисте: "Зәрден сақтаныңдар" дейді. 

Түйін

Тоқ етерін айтқанда, бүгінде түйе зәрімен емделудің дұрыс не бұрыстығын айту үшін медицина ғылымына қарау - ең дұрысы. Егер, медицина ғылымында түйе зәрінің емдік қасиетін нақты анықтап, өзге дəрі табылмаса, немесе оның берер әсері өзге дәрілерге қарағанда тез әрі нәтижелі екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденсе, түйенің зәрін пайдаланудың үкімі «мубах» болмақ. Яғни, ерікті амал. Өйткені, "Зару жағдайда, харамдар халал үкімін алады". Егер, әлдебір сырқатқа қарсы түйе зәрінде шипа бары білікті дәрігер мамандар тарапынан анықталмаған жағдайда пайдалануға болмайды, басқалай ем жолын іздеген дұрыс.

Түйенің зәрімен емделу сүннет пе? дегенге келер болсақ, түйенің зәрімен емделудің үкімі сүннет емес. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түйенің зәрін ішкендігі жайында мәлімет жоқ.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] «Сахих Бұхари». «Сахих Мүслім»; Алиюль Қари – Мирқат.
[2] Имам әл-Кәсәни: Бәдәиғу. 1/361-362 беттер.; әл-Марғинани: әл-Һидая.

Абдусамат Қасым