Трансплантация: Донор болудың шариғаттағы үкімі қандай?
Трансплантация: Донор болудың шариғаттағы үкімі қандай?
11 жыл бұрын 17126

Ерікті түрде қан беруді немесе  адам ағзасын трансплантациялауды «донорлық» дейді[1]. Трансплантация дегеніміз – бір адамның ағзасын немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін[2] келесі бір адамға салу. Медицинада беруші адамды донор дейді де, алушыны, яғни науқасты реципиент деп атайды. «Доно» – латын тілінен аударғанда «сый­лаймын, құрбан етемін» деген мағы­наны білдіреді.

Қазіргі таңдағы Ислам ғұламаларының басым көпшілігі[3] «шариғат талаптары аясында және білікті дәрігерлердің мақұлдауымен «донорлыққа» рұқсат» деп отыр. Бірақ онда да, донор болған кісіге өзіне зияны тимейтін жағын қатаң ескеруі керек. Сондай-ақ, «донорлықтан» көздегені дүние табу емес, керісінше өлім аузында жатқан жанды аман алып қалу, оның сырқатын жеңілдетуге ат салысу сияқты сауапты іс болуы тиіс. Сонда ғана,  Жасаған Иеміздің мына сөзіне сәйкес ізгі іс істеген болып есептеледі: «...Кімде-кім, бір жанды тірілтсе (өлімнен құтқарса), бүкіл адамзатты тірілткенмен тең»[4].

Осыған сәйкес Халықаралық Ислам фиқһ ұйымының 1988 жылғы, ақпан айының 6-11 аралығында Жидда қаласында өткен кезекті, төртінші отырысында төмендегідей қаулылар қабылданды. Оларды сайып өтер болсақ:

1.Егер тигізер пайдасы нақты анықталған болса, кісінің ағзасын, екінші бір жеріне ауыстыруына болады. (Мысалы, аяғының терісін алып, бетіндегі күйген терісіне қаптауы сияқты немесе жүрегіндегі зақымдалған артериясының орнына, аяғынан алынған қантамырды жалғау т.б.). Бірақ бұл да, тек жойылған ағза мен оның функциясын қалпына келтіру мақсатында немесе  (психологиялық не физиологиялық тұрғыда зияны бар) бойындағы қандай да бір кемістікті жою мақсатында жүзеге асуы тиіс.

2.Алынған жағдайда өздігінен орны толып, қайта қалпына келетін ағзалардың бірін өзгеге бағыштауына рұқсат. Мәсәлен, қан және тері осыған жатады. Мұндай қадамға барған кісі ақыл есі дұрыс, өздігінен шешім қабылдай алатын жастағы кісі болуы тиіс.

3.Белгілі бір себеппен операция арқылы алынып тасталған ағзаны, өзге ауру кісіге пайдалануға рұқсат. Мысалы, дәрігерлер тарапынан операция арқылы алынып тасталған көздің мүйізді қабығын (роговая оболочка), өзге адамның көзіне орналастыруы осыған жатады.

4.Тірі адамның өмір сүруін тікелей қамтамасыз ететін ағзасының бірін алып, оны өзгеге трансплантация жасау, осылайша өзінің өміріне қауып төндіру – харам. Жүрек - осыған жатады.

5.Адам өмірін жалғастыруына тікелей қатысы болмағанымен, өміріне аса қажетті, функционалды негізгі ағзаларын өзгеге трансплантация жасауы да – харам. Мысалы, тірі адамның екі көзіндегі мүйізді қабығын (роговая оболочка) өзгеге бағыштауына тыйым салынады. (Екі көздің көрмеуі өмір сүруін тоқтатпағанымен, өмірінің ары қарай орнықты әрі тиянақты жалғасуына кедергі келтіреді)

6.Аман қалуына немесе әрі қарай саламатты өмір кешуіне тікелей септігін тигізетін болса, өлген кісінің жарамды ағзасын (аталық және аналық бездері сияқты жыныс мүшесіне қатысты органдары алынбайды), ауру адамға трансплантация жасауға рұқсат. Бірақ бұған алдымен, өлген кісінің өлмей тұрып білдірген ризашылығы немесе мәйіттің туыстары тарапынан рұқсат берілуі керек. 

Алда-жалда туыстары табылмаған жағдайда, арнайы мемлекеттік құзырлы орынның келісімі керек

 (موافقة وليّ أمر المسلمين).

7. Ескеретін маңызды нәрсе: Жоғарыда баяндап өткен жағдайлардағы донорлық – сауда-саттықпен жүзеге аспауы тиіс. Өйткені қандай жағдай болмасын, адам ағзаларын сатылымға шығаруға болмайды.

Бірақ ауру кісі тек ақша арқылы ғана өміріне қажетті ағзаға қол жеткізе алатындай күйге тап болса, мұндай жағдайда алушының ақшаға сатып алуы күнә болмас деуге негіз бар (فمحل اجتهاد ونظر). 

8.Жоғарыда сайып өткен пункттардан тыс, осы тақырыпқа қатысты өзге де жағдайлар, алдағы отырыстарда, шариғат үкімдерінің шеңберінде және медицина ғылымының мәліметтеріне сүйене отырып зерттеліп, зерделенуі тиіс[5].

Аталмыш мәселелерге қосымша мәлімет ретінде, басқа да ғалымдардың тұжырымдарын бере кетелік:

  1. Өмірі қыл ұшында тұрған науқасты аман алып қалудың жолы тек ағза ауыстыруға тіреліп тұрған жағдайда ғана трансплантацияға рұқсат.
  2. Тірі адам организміндегі жұпсыз, дара ағзаларды өзгеге трансплантация етуге рұқсат жоқ. Мысалы, жүрек, бауыр, өкпе т.б.
  3. Адамның толыққанды дене бітімін бүлдіретін, трансплантацияға тыйым салынады. Мысалы, бір көзін алып соқыр ету немесе бір аяғын кесіп жарымжан ету т.б.
  4. Адам организмінде жұбы бар, дара емес ағзалардың бірі алынып, сол ағзаның екінші сыңарымен қауіп-қатерсіз өмір кешуге болатындығы бірнеше білікті медицина мамандары тарапынан нақтыланған болса, бірін қалдырып, екіншісін өзге науқас кісіге транспалантация жасауына рұқсат.
  5. Аталық және аналық бездерді трансплантация етуге болмайды[6].
  6. Адам өз еркімен донор болуға ниет білдіруі тиіс. Оны донор болуға ешкім мәжбүрлей алмайды. 

Жалпы алғанда, донорлықты қолдаған ғұламалардың тұжырымдары жоғарыда келтірілгендей.

Әйтсе де, донорлыққа түбегейлі қарсы шыққан ғалымдар да жоқ емес[7].

[1] http://ru.wikipedia.org
[2] Тін (лат. textus, грек. hіstos), биологияда – адам мен жануар организмінде болатын, шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметі ұқсас жасушалар жүйесі. Тіннің құрамына клетка тіршілігі өнімдері – жасушааралық заттар мен құрылымдар да кіреді.
[3] Әхкәму –Жирахәти ат-тыббия, «әл-мәктәбат әс-сахаба», 354 бет,  Жидда.
[4] Маида сүресі – №32 аят.;
[5] http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/4-1.htm
[6] http://www.qaradawi.net; http://www.dar-alifta.org
[7] Әхкәму –Жирахәти ат-тыббия, «әл-мәктәбат әс-сахаба», 354 бет,  Жидда.

Абдусамат Қасым