Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Қазіргі таңдағы кең таралып жатқан коронавирус індетіне қарсы спиртті жиі қолдана беруге бола ма? Елдос.
Соңғы жағдайларға байланысты антисептикті, спиртті жиі қолдана беруге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Ханафи мәзхабы бойынша, спирттің жүзімнен немесе құрмадан өндірілген түрлері нәжіс болып табылады. Ал одан басқа заттардан өндірілген спирт нәжіс емес (бірақ ішуге болмайды). Спирттің нәжістер қатарына жатпайтындығы жөнінде Ислам ғұламасы Мұхаммед Зәһид әл-Кәусәри (1879-1951 ж.) былай деген:
«Спирт Әбу Ханифа (р.а.) бойынша «нәжіс» емес. Имам Ағзамның осы сөзі көп жерде тығырықтан шығарады. Спирттің әтірге қосылып, киімге тиюінің ешқандай зияны жоқ»[1], - дейді ғұлама.
Медициналық спирт те көбіне табиғи емес заттардан өндірілетіндіктен «нәжіс» емес. Оны сыртқы қолданысқа қолдана берудің ешқандай сөкеттігі жоқ.
Ендеше, медициналық мақсатта болсын, гигиеналық мақсатта болсын спирттің өзін де, спирт қосылған әртүрлі антисептиктерді де жиі пайдалана берудің еш күнәсі жоқ. Оған дәрет не ғұсыл бұзылмайды, сондай-ақ, нәжіс болып саналмайтындықтан намазға да кедергісі жоқ.
[1] Мұхаммед Зәһид әл-Кәусәридің Мысыр еліндегі туысына жазған хатынан. (Проф. Доктор Hayrettin Karaman)