Өзге дін өкілі үшін Алладан шипа сұрасам бола ма?
Өзге дін өкілі үшін Алладан шипа сұрасам бола ма?
5 жыл бұрын 3881

Ассалаумағалейкум! Көршім орыс кемпір, христиан дінін ұстанады. Жақында баласы қатты ауырып, жансақтау бөліміне түсіпті. Кешке мешітке кетіп бара жатқанымды көріп, ауыр халде жатқан ұлы үшін дұға жасап, Жаратқаннан шипа тілеуімді сұрады. Менде үлкен кісінің көңілін қимай келістім. Біраз кісілерден сұрап едім, пікір екіге жарылды. Нақты жауапты өздеріңізден күтемін. Алла разы болсын. Ұлан

Уағалейкүмассалам, Ұлан!

Басқа дін өкілін ауырғанда көңілін сұрау, оған Алладан шипа тілеу шариғатқа теріс емес. Керісінше, бұл мұсылманның бойындағы мейрімділіктің көрінісі. Мүмкін сіздің осы әрекетіңіз себеп болып, ол христиан мұсылман дінін қабылдап та қалар. 

Хадистерде ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төсек тартып қалған яһуди отбасынан шыққан жас қызметшісінің жағдайын сұрап барғаны риуаят етіледі. Сонда әлгі яһуди әсерленіп мұсылман болған екен[1]. Сондай-ақ,бір мұсылман емес қауым басшысын жылан шағып алғанда,  сахаба  Әбу Сағид әл-Худри оған фатиха сүресін оқиды. Осыны естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Оның (фатиханың) шипалы екенің қайдан білдің?»[2],  –  деп, сахабаның ол әрекетін құптаған. Яғни, мұсылман емес кісілерге шипа тілеуіміз немесе емделсін деп дәрі-дәрмек беруіміз, яки қажет болып жатса, Құран аяттарымен дем салуымыз дінге қайшы емес.


[1] Бухари – 1356: Бір Яһуди дініндегі жігіт Алла елшісіне қызмет ететін. Ол бір күні науқастанып қалады. Пайғамбарымыз оның көңілін сұрап үйіне барады. Алла елшісі (с.а.у.) оның басығасына отырып: "Мұсылман бол" деп ақылын айтады. Әлгі, науқас жігіт әкесіне қарайды. Әкесі: "Қасымның әкесінің айтқанын істе" дегеннен кейін, әлгі жігіт мұсылман болып көз жұмады. Сонда Алла елшісі: "Оны тозақ отынан аман алып қалған Аллаға мақтау болсын", деп шүкір етеді. Әнәс ибн Мәликтен риуаят етілген. 
[2] Бухари – 2156. 
Жоғарыда ұсынылған материал 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның қайта жарияланған түрі.

Абдусамат Қасым