Медитация жасауға бола ма?
Медитация жасауға бола ма?
5 жыл бұрын 16697

Медитация жасауға қалай қарайсыз? Көпшілігі қазір осы нәрсені жасауға көшті.

Медитация дегеніміз, латын тілінен аударғанда «пікірлеу», «терең ой жүгірту» деген мағыналарға саяды. Қазіргі таңда мұсылман елдеріндегі кейбір мұсылмандар оның тек миды тынықтыру техникасы екендігін, ешқандай дінге байланысы жоқтығын айтса да, шындығына келгенде медитация буддизм, индуизм, джайнизм діндерінен бастау алатындығы сөзсіз, әсіресе медитация «йоганың» ажырамас іргелі-негіздерінен болып табылады. Тіпті, медитацияның жасалу формасы да аталмыш діндерде көрсетілген күйінше орындалуының өзі, оның шыққан тегін растайды. Мәселен, қазіргі таңда медитация буддизм мен индуизмде кеңінен танымал «лотос», «жартылай лотос» қалыптарында орындалып жүр. Медитацияның негізін қалаушы Гаутама Будда деп айтылса да, оның түбі сонай Веда жазбаларына барып тіреледі екен.

Медитацияның көптеген түрі бар. Атап айтсақ:

  1. Визуалды медитация
  2. Дыбыс медитациясы
  3. Энергия медитациясы (Чакра және Сутра медитациясы).
  4. Сезім медитациясы
  5. Буддизм медитациясы
  6. Мантра медитациясы
  7. Діни өлеңдер айтумен орындалатын медитация
  8. Зейін медитациясы т.б.

Медитация дағдысын Ислами тұрғыда қарастырар болсақ, Исламда зікір ету, пікір ету, намаз оқу, мухасәба-өткенін есепке алу, мұрақаба-көкейіндегі зиянды ойларды өшіріп, Алла жүрегімдегіні көріп тұр деген ой қалыптастыру немесе Жаратушысының жақындығын жүрекпен білу сияқты дүниелер бар. Бұлардың бәрі пікірлеумен, терең ойлаумен тығыз байланысты. Намаздың өзін алып қарасақ, Пайғамбарымыз намазды хүшуъпен оқуды үйреткен. Бар ойын намазға шоғырландырып, бейнебір Алланың алдында тұрғандай сезімде болуды үйреткен. 

Енді медитацияның сөздік мағынада Исламда бар десек те, іс жүзінде келгенде Исламға қайшы десек қателеспеспіз.

Біріншіден – медитация буддизм, индуизм діндерінде, әсіресе йогада ғибадат ету тәсілінің бірі саналады. Исламда өзге діннің құлшылық түрін істеу күнә. Құранда «Бүгін сендерге діндеріңді толықтырдым» дей келе, бөтен нәрселерді дінге кіріптар етуді тыйған. Өзге діндегі құлшылық рәсімін орындауға мұсылмандар мұқтаж емес.

Екіншіден – Алла елшісі «мән тәшәббәһә биқоумин фәһуә минһум» дейді. Оның мағынасы: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол - солардан». Медитация жасау буддизм, индуизм сияқты әһли ширк, яғни пұтқа табынатын Аллаға серік қосушыларға еліктеу боп саналатындықтан, мұсылман адам ондай нәрселерден ұзақ тұрғаны жөн. Мысалы, медитация жасарда лотос қалыбында отыру - буддизм мен индуизмнің басты құдайы Шиваның отырыс қалыбы болып саналады.

Үшіншіден – Исламда зікір ету, пікір ету, өзін есепке алу т.б. медитацияға ұқсас құлшылық түрлерінің бәрі тікелей Жаратушымен тығыз байланысты. Оның бәрі Аллаға деген иманның беріктігі үшін, үнемі Алланың бақылауындамыз, Алла бізді көріп тұр деген «Ихсан» дәрежесіне жету үшін жасалады.

Медитацияда болса, мәселен, мантра медитациясында терең дем алып: ОНГ НАМО ГУРУ ДЕВ НАМО» деген мантра шұмағы айтылады. Дұғалар айтылады.

Кейбір медитацияда гүлді, айды, жұлдыздарды, күннің батуын, теңіз жағасы т.б. табиғат құбылыстарын елестетеді. 

Басқа бір медитация әдісінде, алдына бір шырақ жағып қойып, барлық назарын сол шырақтағы отқа шоғырландырады.  

Қорытындылай айтқанда, медитация әдісі - қазақи салт-дәстүрге де, дінге де жат бөтен діндегілерден енген үрдіс. Сондықтан да, мұсылмандардың оны іс жүзіне асыруларына рұқсат жоқ.  

Абдусамат Қасым