Исламда шаш қондыруға бола ма?
Исламда шаш қондыруға бола ма?
6 жыл бұрын 6691

Ислам діні шашқа «пересадка» жасауға қарсы емес пе? Марат

Қасқаланған басқа шаш егудің діни тұрғыда күнәсі жоқ деуге негіз бар. Ол да емдік мақсатта жасалатындықтан дінге қайшы емес. Дін мамандары оған қатысты мына бір сахих хадисті дәлел келтіреді:

«Сахих Бұхариде» келтірілген  бір риуаятта ерте заманда өмір сүрген үш кісінің басынан өткен оқиға баяндалады. Бұлар - Исраил қауымынан болған. Ол үш кісінің бірі – алапес. Екіншісі – қасқа бас. Үшіншісі – соқыр. Алла тағала оларды сынау үшін бір періште жібереді. Соның ішінде қасқа басқа келіп періште: «Сенің ең жақсы көретін нәрсең не?», –  деп сұрайды. Сонда әлгі қасқа бас адам: «Әдемі шашым болып, мына жылтыр бастан құтылғанымды қалаймын. Адамдар осы себепті мені ұнатпайды», – деген тілегін айтады. Сол сәтте әлгі періште (оның басын бір) сипап жібергені сол еді, әдемі шаш пайда болады...»[1] - делінген хадисте.  

Хадистен мынадай қорытынды шығаруға болады:

  1. Басындағы қасқалықтан қымсынатын адам онысына ем іздеуіне құқылы
  2. Қасқалықтан құтылу жолдарын ойлап шығару күнә емес  
  3. Шаш өсіру үшін арнайы мамандарға жүгінуге рұқсат
  4. Ондай кемшіліктен арылу үшін арнайы мамандардың кеңесімен шаш өсіруші зиянсыз майлар жағуға немесе шаш қондыру тәсілі сияқты тәсілдерге жүгінуге болады. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Бухари – 3464.

Абдусамат Қасым