Электронды темекі жайында дін не дейді?
Электронды темекі жайында дін не дейді?
6 жыл бұрын 14002

Ассалаумағалейкум! Менің ағам темекіні көп шегеді. Өзі намаз бастайын деп жүр. Бірақ, темекіні қоя алмаймын дейді. Адам электронды темекі тартса, уақыт өте келе кәдімгі темекіні тастап кетеді деп естіп едім. Шариғатта электронды темекі тартуға бола ма? Әлде оған да кәдімгі темекі секілді үкім бере ме? Жақсылық.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Темекінің шариғаттағы үкімі белгілі. Оның адам денсаулығына тигізер зияны болғаны үшін бүгінде ғалымдардың басым көпшілігі тарапынан «харам» деген үкім берілген.

Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер»[1], – дейді. Яғни, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заттарды пайдаланудың дұрыс емес екендігін осы аяттан түсінуге болады.  

Сіз сұрап отырған электронды темекіге қатысты 2008 жылы Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы (БДҰ):

«БДҰ-да мұндай темекі түрін зиянды не зиянсыз екенін айғақтайтын ғылыми негіз жоқ. Сондықтан, бұл өнімді шығарушылар өздерінің сайттарынан және өзге де ақпараттық желілерден «БДҰ тарапынан мақұлданған» деген хабарды тез арада алып тастасын»

- деп аталмыш темекі түрінің қауіпсіз екендігін теріске шығарған.

Сондай-ақ, АҚШ-тағы "Өнімдер мен дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау басқармасының" зерттеу нәтижесінде электронды темекіде пайдаланылатын қатриждердің 19 түрінен қатерлі ісік ауруларын тудыратын «канцероген», «диэтиленгликоль» сынды химиялық қоспалардың бар екендігін анықтаған. 

Және де, мәліметтерге қарағанда, БДҰ сарапшысы Дуглас Бетчер, «Антитабак» одағының төрағасы Кирилл Данишевский, Голландия еліндегі "Темекіні тұтыну орталығының" Директоры Лиз Ван Грип сынды мамандар темекінің бұл түріне де жоламауды кеңес еткен. Ал, 2008 жылы Дания мемлекеті электронды темекі сатуға тыйым салған екен[2].

Аталмыш ресми органдардың мәліметтеріне сүйене отырып, қазіргі таңдағы дін мамандарымыз: "электронды темекіні сатуға және оны қолдануға діни тұрғыда болмайды" деген байлам айтады[3].

Ендеше сізге айтарымыз ағаңыз зиянды затты зиянды затпен тоқтатуға тырысқанша, өзін-өзі қолға алып, нәпсісін тежеп, аталмыш жаман әдеттен өз күшімен тыйылуға тырыссын. Шариғат қағидасы бойынша: «Залал - өзге залалды нәрсемен жойылмайды»[1]. Шын ниеттенсе, аталмыш қауіпті әдеттен электронды темекісіз-ақ арылуға болатындығы анық.


[1] Бақара – 195.
[2] http://ru.wikipedia.org/wiki/Электронные сигареты
[3] Профессор Доктор Хайреддин Караман: Elektronik sigara.
[4] الضرر لا يزال بالضرر

Абдусамат Қасым