"ЭКО мәселесі: күйеуімнің некелеспей тұрып алынған аталық жыныс жасушасын, некеден кейін жасанды жолмен ұрықтандыру үшін қолдануға бола ма?"
"ЭКО мәселесі: күйеуімнің некелеспей тұрып алынған аталық жыныс жасушасын, некеден кейін жасанды жолмен ұрықтандыру үшін қолдануға бола ма?"
2 жыл бұрын 5075

Сәлеметсіз бе! Өтінемін жауап табуға көмектесіңізші. Күйеуім екеуміз отау құрғанымызға екі жыл болды, мен бір жыл бұрын намазға келгенмін, некеге тұрмас бұрын «эко жасанды ұрықтандыру» процедурасынан өттік. Өйткені, мен табиғи жолмен бала көтере алмаймын. Енді үйленбей тұрып дайындап, қатырып қойған осы эмбриондарды салуды жоспарлап отырмыз. Енді қазыр кедергілер туындап, сол эмбриондарды салу мүмкіндігі болмай жатыр, соған «мүмкін бұл эмбриондарды орналастыру ісін Құдай Тағала ұнатпай тұрған шығар?» деп ойлаймын. Ал енді менің сұрағым, некелеспей тұрып алынып мұздатылған эмбриондарды, некелескеннен кейін салуға бола ма? Маған өте қажет болып тұр. Жауапты табуға көмектесіңізші.

Бисмилләһир рахмәнир рахим.

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал жолдаушы, діни тұрғыдан алғанда, жасанды жолмен ұрықтандыру ісінде - ұрықты алатын кезде де, одан пайда болған эмбрионды жатырға орналастыратын кезде де ерлі-зайыптылар некелі болулары тиіс. Бұл дегеніміз:

  • Некеден бұрын алынған аталық жыныс жасушасы (сперматозоид) мен аналық жыныс жасушасын ұрықтандыру арқылы жетілген эмбрионды некелескеннен кейін болса да, пайдалануға болмайды деген сөз. Өйткені күйеуінің ұрығы арада неке жоқ кезде алынған.

  • Және де некелі кезде күйеуінен алынған аталық жыныс жасушасы мен аналық жыныс жасушасынан жетілген эмбрионды, күйеуі қайтыс болғаннан кейін жасанды ұрықтандыру жолымен жатырға орналастыруға болмайды. Өйткені күйеуінің қайтыс болуы себепті арадағы неке бұзылған болып саналады.

Сондықтан да, сұрақтағы жағдайда - некелеспей тұрып алынған аталық жыныс жасушасы мен аналық жыныс жасушасын ұрықтандыру арқылы жетілген эмбрионды некеден кейін болса да пайдалануларыңыз шариғи тұрғыда құпталмайтын іс. Өйткені бұл - жасанды жолмен ұрықтандыру ісінде бөтен еркектің аталық жасушасын пайдаланғанмен тең.

Ендігі жерде, мынадай сауал туындайды: егер сұрақта сұралған эмбрионды жатырға орналастырып, одан бала дүниеге келсе, ол баланың тегі кімге тән болады?

Егер сұрақтағы ерлі-зайыптылар аталмыш эмбрионды некелескеннен кейін жатырға орналастырып, одан бала дүниеге келсе және әкесі баладан бас тартпаса, баланың тегі әкесіне тән етіледі. Арада мұрагерлік құқы туындайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бала – төсектің иесіне тән» деп айтқан (яғни, әйелінің дүниеге әкелген баласы күйеуіне тән дегені)1.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


 1 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Айша анамыздан жеткен хадис (р.а.).

Абдусамат Қасым