Дініміз медицинадағы «уринотерапия» мен «урофагия» ем шараларына қалай қарайды?
Дініміз медицинадағы «уринотерапия» мен «урофагия» ем шараларына қалай қарайды?
3 жыл бұрын 4277

Сәлеметсіз бе! Кіші дәретті емге ішуге бола ма? А.

Сәлеметсіз бе!

Медицина саласында зәрмен емделу шарасын «уринотерапия» немесе «урофогия» деп атайды. Уринотерапия – зәрді ішу арқылы немесе денеге жағу арқылы емдеу тәсілі. Ал, дәл зәрді ішу ем шарасына «урофагия» термині қолданылады.

Мәліметтерге қарағанда медицина саласында зәрмен емделу тәсілі  - медицина ғылымында шипалы екендігі ресми түрде қабыл етілмеген, дәлелді емес (псевдонаучный) ем түрі.

Шариғаттағы үкіміне келсек, шариғатымызда зәр – нәжістер қатарынан саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Зәрден сақтаныңдар. Шынында, қабір азабының көпшілігі зәр себепті  болады», - деп бұйырса[1], басқа бір хадисінде: «Шынында Алла Тағала өзі харам еткен нәрселерде сендер үшін шипа жаратпады» - деп ескертеді[2].

Сондықтан да, Имам Ағзам Әбу Ханифа адамның зәрі түгілі, кей риуаятта айтылған түйе зәрін ішудің өзін харам деп байлам жасаған (ол жайында "түйенің зарін ішудің үкімі" атты жазбамыздан оқи аласыздар).  

Ендеше, дінімізде зәрмен емделу – құпталмайтын әдіс. Зәрді ішуге де, зәрді денеге жағуға да болмайды. Қашан рұқсат? Егер медицина саласында зәрдің әлдебір сырқат түріне шипасы бары ғылыми дәлелденсе, және де одан өзге орнын басар адал дәрі табылмаса, сонда барып «зәрмен» емделуге болады. Олай болмаған жағдайда рұқсат жоқ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Тахауи: «Шарху Мүшкилиль Әсәр»; әл-Ақалани: «әт-Тәлхис әл-Хәбир». Сахих.
[2] Ибн Хаббан. Сахих.

Абдусамат Қасым