Бөтен әйелдің аналық жасушасын (яйцеклетка) бала көтеру үшін пайдалануға бола ма? Исламда аналық жасуша донорлығына рұқсат па?
Бөтен әйелдің аналық жасушасын (яйцеклетка) бала көтеру үшін пайдалануға бола ма? Исламда аналық жасуша донорлығына рұқсат па?
7 жыл бұрын 6170

Ерлі-зайыптылар бала көтере алмаған жағдайда күйеуінің шәуетін некелі емес бөтен әйелдің  донорлық аналық жасушасымен ұрықтандыруға бола ма? Кейіннен оны некелі әйелінің жатырына орналастырады.  Яғни, балада күйеуінің және бөтен әйелдің гені болады, тек оны қарнында көтеретін - некелі әйелі. Себебі, некелі әйелінде жарамды аналық жұмыртқалар жоқ. Бұл қалай болар екен?

Қадірменді сұрақ қоюшы, біріншіден - Исламда ұрық донорлығы да, аналық жасуша донорлығы да харам. Өйткені, бұл - түптеп келе қан (тұқым) араластығына алып келеді. Оның үстіне, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Аллаға және ақырет күніне сенетін адам өзінің суымен өзгенің көшетін суғармасын...»[1], - деген. Хадистегі «су» сөзінен мақсат – шәует. Аналық жасуша донорлығын да аталмыш хадис аясына кіргізуге болады.    

Екіншіден, еркектің аталық жасушасын (сперма) некелі емес бөтен әйелдің аналық жасушасымен біріктіріп ұрықтандыру шариғатқа қайшы. Мейлі, оны кейіннен некелі жарының жатырына орналастыратын болса да үкім өзгермейді. Мұнда қазіргі дін ғалымдары арасында талас жоқ. Исламда тек некелі ерлі-зайыптылардың тұқымдық жасушаларын ұрықтандыруға рұқсат. Онда да, оны өзгенің емес, сол өзінің некелі жарының жатырына орналастыру шарт. Суррогат ана, яғни,  құрсақ ана тәсілін де дініміз құптамайды[2]. 


[1] Әбу Дәуід: Китабун Никах - №2158 хадис.
[2] Ислам фиқһ кеңесі, 3 отырыс, 1986 ж. 

Абдусамат Қасым