Сәлеметсіздер ме! Адам қан өткізіп донор болса, белгілі ақша беретінге ұқсайды. Ақшаға қан өткізуге бола ма? Белгілі ақыға қан өткізуді сатуға ұқсатам. Оның күнәсі жоқ деген пікірдемін. Сіздер қалай ойлайсыздар?
|
Ақшаға қан өткізуге бола ма?
|
Сәлеметсіз бе! Қан өткізіп, донор болу сауапты іс[1]. Өйткені өлім аузында жатқан жанды аман алып қалу және оның сырқатын жеңілдетуге ат салысу игілік екені сөзсіз. Жасаған Иеміз: «...Кімде-кім, бір жанды тірілтсе (өлімнен құтқарса), бүкіл адамзатты тірілткенмен тең»[4], - дейді қасиетті Құранда.
Ал, оны сатуға, дәлірек айтқанда ақшаға қан өткізуге келер болсақ, ғалымдардың көпшілігі оған қарсы. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қанды саудалаудан тыйғаны сахих хадисте айтылған[2]. Оның үстіне Құран Кәрімде доңыз еті және өлексе сияқты заттармен қатар қан да харам деп айтылады. Ал, шариғатта харам дүниелерді сатудың өзі - харам[3]. Осындай қағидаттарды ескере отырып, Ислам фиқһ ұйымы, 1989 жылы Мекке қаласында өткізген он бірінші отырысында: «Қан доноры болуға рұқсат, бірақ оны ақшаға сатуға болмайды...», - деген тоқтамға келген[4].
Қорытындылай келе айтарымыз, біріншіден - қан өткізетін адам алдымен өз денсаулығына зияны тимейтін жағын қатаң ескеруі керек. Екіншіден – ақыға емес, мүмкіндігінше сауап үшін, жақсылық жасайын деген ниетпен тапсырғаны дұрыс.[5]
Ең дұрысы – Аллаға мәлім.
[1] Трансплантацияның шариғаттағы үкімі жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/questions/meditsina/transplantatsiya-donor-boludyn-sharigattagy-ukimi-qandai-44/
[2] Сахих Бухари: Китабул Буюъ, «Бәбу сәмәнил Кәлб», №2123 хадис.
[3] Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шынында Алла тағала бір нәрсені харам етсе, оның ақшасын да харам етеді», - деген. Яғни, сатуды да.
[4] Дейтұрғанмен, қазіргі ғалымдардың ішінде: «Қиналғанға қол ұшын созу түсінігі тарылған мына заманда ақысыз біреуден жақсылық күту қиын. Ал, қан адамдардың ем-домы үшін өте қажет. Сондықтан да, өткізген қаны үшін ақы алуына рұқсат деуге мәжбүрміз», - деп тұжырым жасағандар да жоқ емес. Али Әл-Қарадағи – әл-Қазая ат-Тыббия, Лүбнән, 2006 жыл. 549-бет. «Байъуд дәм».
[5] Тек аса зәру болғанда ғана ақы алғаны жөн. Өйткені Құран Кәрімде: «وَقَدْ فَصَّلَ لَكُمْ مَا حَرَّمَ عَلَيْكُمْ إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ – ...Шын мәнінде сендерге Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ егер шарасыз болсаңдар ол басқа...», - дейді[6].
[6] Әнғам сүресі – 119 аят.