Ассалаумаалейкум! Сізге сұрақтарым бар еді. Мен тұрмысқа шыққам. Мешітте некеде болдық. Бірақ, 1-2 айдан соң кетіп қалдым. Үш жылдан соң маған телефон соғып, үш мәрте «талақ» деп айтты (содан бері бір жыл өтті). Талақ сөзін телефонмен айтты. Ол ажырасқанға санала ма? Мені сол ой қатты мазалап жүр.
Телефон соғып "талақ бол" десе, онысы ажырасқанға санала ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Әуелі айта кетелік: Исламда неке өмірлікке қиылады. Онда ғалымдар арасында талас жоқ. Сондықтан да, себепсіз, бет алды ажырасу "мәкруһ" саналған. Ажырасу - дінімізде ең соңғы шешім.
Енді сауалыңызға келер болсақ, көпшілік ғалымдарымыз бойынша, соның ішінде Ханафи мәзхабы ғалымдары бойынша, күйеуі әйеліне телефон соғып «талақ бол» деп ашық айтқан жағдайда онысы талақ болып саналады. Ниеті қарастырылмайды[1]. Сондықтан да, некелеріңіз - бұзылғанға есеп.
Ереже бойынша: талақтан кейін әйел үш хайыз уақытын күтуі шарт. Мұны "иддәт күту мерзімі" дейміз. Алайда, сіздің жағдайда арадан бір жыл уақыт өткен екен. Сол себепті, сіздің жағдайда үш хайыз иддәт мерзімін күту міндеттілігі тумайды. Теңіңіз табылып жатса, иддәт мерзімін күтпей-ақ тұрмысқа шығуға құқылысыз.
Осы орайда, кейбір дін мамандары телефон арқылы талақ айтқан кезде бір әділ күәгердің болу керектігін көлденең тартқан. Мұндағы мақсат – күйеуі емес, басқа біреу болуы мүмкін деген ықтималдықты жою болса керек. Дегенмен, күәгердің болуы шарт емес. Бастысы – телефон байланысының арғы жағында тұрған сіздің күйеуіңіз екендігі нақты білінсе болғаны.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Алла Тағала отбасыларыңызға амандық және береке берсін!
[1] Жоғарыда «Ниеті қарастырылмайды» дедік. Себебі, астарлы сөздерді қолданған болса, яғни, ажырасуды да, одан басқа мағынаны да білдіруі мүмкін сөздерді қолданған болса, мұны шариғатта «киная» дейді, мұндайда ниет маңызды: Егер, талақ ету ниетімен айтқан болса, кіші байын талақ саналып, неке бұзылады. Ондай ниеті болмаса, талақ саналмайды.