Мас кезде айтылған талақ, талақ болып есептеле ме?
Мас кезде айтылған талақ, талақ болып есептеле ме?
9 жыл бұрын 7601

Ассалямуалейкум! Ер адамның мас кезінде есін білмей айтқан талағы талаққа жата ма? Ермағамбетова Бота.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта мас адамның талағы жайында екіұдай пікір бар. Көпшілік ғалымдардың айтуына қарағанда, өз еркімен ішімдік ішіп, есін білмей мас болған адамның айтқан талағы, талақ болып есептеледі. Бұны талақ жайында айтылған аяттардағы жалпылама үкімдерден шығаруға болады[1]. Бір топ сахабалар да аталмыш пікірді қолдаған. 

Әйтсе де, сахабалардың ішінен Осман ибн Аффан (р.а.) мастың талағы есепке алынбайды деп отыр. Олай болған себебі, мас адам не айтып, не қойғанын білмейді. Мас күйдегі ойлау қабілеті ақыл-есі дұрыс емес адамның немесе жас баланың ойлау қабілетімен пара-пар.

Бұл пәтуаны арқау еткен ғұламалар арасында Ханафи мәзһабының беделді екі ғұламасы Имам Тахауи мен Имам Кәрһи бар[2]. 

Осы орайда: «мастықтың шегін анықтауда әрқилы пікір бар» - дейді Ханафи ғалымы әл-Хәмәуи. - «Дегенмен, ғалымдарымыздан жеткен дерекке қарасақ, мас адам деп, жерді көктен, еркекті әйелден айыра алмайтын адамды айтамыз. Күмәнсіз мұндай халдегі кісінің талағы, жасаған саудасы, берген анты негізсіз. Ал, ақ пен қараны айыра алатындай дәрежедегі мастықтың аталмыш (талақ, сауда анты т.б.) істері сау адамдікі сияқты негізге алынады. Бұл тұжырым назарға аларлықтай орынды. Адамдардың көбі бұндан хабарсыз»[4], – деп пікірін білдірген.   

Қорытындылай келе айтарымыз, не айтып не қойғанын білмейтіндей дәрежедегі мас кісінің аузынан шыққан «талақ» сөзі негізге алынбайды.


[1] Бақара сүресі – 229 аят.
[2] Әл-Кәсәни, Бәдаиғ: «Шараитур Рукн» - 3/158 бет. Дару әлихя әт турас. 2010 ж. Бейрут.
[3] Имам Мұхаммед Әбу Заһра, әл-Ахуалуш Шахсия – 290 бет.
[4] Әл-Хамауи, Ғамзу Ғуйуниль Басаир – 2/117 бет.

Абдусамат Қасым