Жүкті әйелін талақ еткен болса, босанбай жатып қайта қосыла ала ма?
Жүкті әйелін талақ еткен болса, босанбай жатып қайта қосыла ала ма?
3 жыл бұрын 3430

Жүкті әйелін талақ еткен болса, босанбай жатып қайта қосыла ала ма?

Күйеуі аяғы ауыр әйелін бір талақ не екі талақпен талақ еткен болса, әйелі босанбай тұрып қайта қосыла алады. Өйткені, жүкті әйелдің «иддет мерзімі» - босанғанға дейін[1]. Әйелдің иддет мерзімі аяқталмай тұрып күйеуі райынан қайтып, некесін сақтай алады. Бұған байланысты деректерде мынадай риуаят келтірілген, ол риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббас (радияллаһу анһ) бұл мәселеге байланысты былай дейді:

إذا طلَّق الرجل امرأتَه تطليقةً أو تطليقَتَين وهي حامل، فهو أحقُّ بِرجعتِها ما لم تضَعْ حَملها"؛

«Егер әлдебір ер адам өзінің жүкті әйелін бір талақпен немесе екі талақпен талақ еткен болса, әйелі босанбай тұрып, оны қайтаруына (қайта қосылуына) құқылы»[2].

Осындағы «бір талақ» не «екі талақ» деген сөзінің мәнін ашып айтсақ: шариғатта ер адам өзінің әйеліне үш мәрте ғана талақ айта алады. Бірінші және екінші талағында үш хайыз уақытына дейін немесе жүкті болса, босанғанға дейін неке бұзылмайды, сол уақыт ішінде күйеуі райынан қайтып, әйелімен қайта жараса алады, неке жаңартпайды. Ал үшінші мәрте талақ айтар болса, неке бұзылып, қайта қосылу мүмкіндігі жойылады[3]. «Бір талақпен немесе екі талақпен талақ еткен болса...» деуінің мәні сол. Үшінші талағын айтқан болса, қосыла алмайды.  

Қысқаша айтқанда, әйелі жүкті кезде бір рет, не, екі рет талақ айтқан күйеуі, әйелі босанбай жатып қайта қосыла алады, неке жаңартпайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Неке бұзылғаннан кейін немесе күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйелі белгілі мезгіл күтеді. Оны шариғатта «иддет күту мерзімі» дейді. Ажырасқан әйелдің күтү уақыты – 3 (үш) етеккір мерзімі. Күйеуі қайтыс болған әйелдің күту мерзімі – 4 (төрт) ай және 10 (он) күн. Жүкті әйелдің иддет күту мерзімі босанғанға шейін.
[2] Табари тәпсірі, №4748 риуаят.
[3] Үш талақтан кейін әйелімен қайта қосыла алу үшін, әйелі иддетін күткеннен соң басқа біреуге тұрмысқа шығып, одан бір жағдайлармен ажырасып жатса ғана бұрынғы күйеуіне халал болады. Оған дейін халал болмайды. Талақтың үш талақпен шектелуінің мәні еркекке де, әйелге де жауапкершілікті сездіру. Әйелінен мүлде ажырап қалатынынан қорыққан күйеуі талаққа жеңіл қарамасы анық.

Абдусамат Қасым