Бір талақ айтып, бірақ ниетінде «үш талақ ету» жатса, қанша талақ болып есептеледі?
Бір талақ айтып, бірақ ниетінде «үш талақ ету» жатса, қанша талақ болып есептеледі?
10 жыл бұрын 6117

Егер талақты «масдар»-мен айтса және ниетінде «төрт талақпен талақ ету» жатса,  қанша талақ болып саналады? Бір талақ па, әлде үш талақ па? Т.

Масдар деп - араб тілінде етістіктен жасалған есімдікті айтады.

Араб тілінде әлдекім, өз әйеліне ажырасуды білдірген кезде, талақ сөзінің масдары, яғни, «Таләәқ»[1] сөзін қолданса, араб тілінің ерекшелігіне сәйкес, айтушының ниеті де қарастырылады. Себебі, мұндағы «Таләәқ» сөзі – умум, яғни, кең мағыналы сөздерге жатады. Ол дегеніміз, бір талақты да, үш талақты да қамтып тұр деген сөз. Ал, енді, ол екеуінің нақты қайсысын білдіріп тұрғанын анықтау үшін, айтушының ниетіне қараймыз. Ниетінде «үш талақ ету» жатса -үш талақ, бір талақ ету жатса - бір талақ болмақ[2]. 

Осы қағидаға сай, кімде-кім «Таләәқ» деп айтса, ниетінде «төрт рет талақ етуді» көздеп тұрған болса, онысы үш талақ ретінде есептелуі тиіс. Бірақ, бұл араб тіліне қатысты ереже.

Біздің тілде де «Талақ бол» немесе «талақ еттім» деп қолданып жатады. Демек, бұл жерде де араб тіліндегі «ажырасу» сөзінің «масдары» болып табылатын «Таләәқ» сөзі бар. Дегенмен, ол біздің тілде кең мағынаны білдірмесе керек (умум).   

Сондықтан, қазақ тілінде әлдекім: «Талақ бол» - деп бір рет айтса, ниетінде үш рет талақ ету жатса да, бір талақ ретінде есептелуі тиіс деген пікірдеміз.

Бұнымен қатар Ханафи ғалымы Имам Тахауии «Әнти Таләәқ – Сен Талақ болдың» сөзіндегі «Таләәқ» сөзі масдар болып табылса да, ниетке қарамайды деген тұжырым жасаған[3].

Ендеше, сіздің сұрағыңыздағы «талақ» сөзі қазақ тілінде кең мағынаны білдірмейтіндіктен, ниетінде «төрт рет талақ ету» жатса да, бір рет талақ болып есептелінеді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Өткен шақта: Талақа; Келер шақ пен осы шақта: ятлуқу; Масдар: Тәләәқ (Талақ етілу).
[2] Араб тілінің ерекшелігі бойынша «талақ» сөзін ғалымдарымыз екі топқа бөліп қарастырған:
Біріншісі - «Анти Таалиқ» (Сен ажырастың); «Әнти Муталлақа» (Сен талақ етілдің);  «Талақтуки»  (Сені талақ еттім) сөздері жатады. Тілі арапша болған кісі өзінің  әйеліне ажырасу пиғылын осындай сөздерді қолдана отырып білдіріп жатса, оның ниеті қарастырылмай, бір талақтың орнына жүреді.  
Екіншісі  - «Әнти ат-Таләәқ» (Сен талақ бол); «Әнти Таләәқ», «Әнти Талиқ ат-Таләәқ»; «Әнти Талиқун Таләәқән» сөздері кіреді. Араб тілінде сөйлетін ер кісілер өз әйелдеріне, талақ сөзінің осы топтағы сөздердің бірімен айтар болса, онда ниеттері де қарастырылады. Егер ниетінде «үш талақ ету» жатса, онда үш талақ болып саналады. Ал, «бір талақ» немесе «екі талақ ету»  жатса, ол жағдайда «бір талақ» ретінде есептеледі. (Әл-Маусули, Ихтияр ли тағлилил Мухтар. Китабут Талақ (Талақ бөлімі)).
[3] Мухтасару ат-Тахауи, Китабут Талақ (Талақ бөлімі). 

Абдусамат Қасым