"Әйелі зина жасаса, күйеуіне ажырасу міндет пе?"
"Әйелі зина жасаса, күйеуіне ажырасу міндет пе?"
2 жыл бұрын 12205

Ассаләмуғалейкум! Әйелі зина жасаған еркек әйелін талақ етуі керек пе? Әлде кешіруі керек пе? Кешірсе «дәюс» болып қалмай ма? Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кететін нәрсе: ер адам болсын, мейлі әйел болсын және отбасылы болсын, мейлі бойдақ болсын - зина жасау үлкен, ауыр күнә. Зина жасаған адамның ақыреттегі жағдайы тым ауыр. Бірақ соның ішінде тұрмыстағылардың зинаға барулары екі есе ауыр. Сондықтан да, шариғатта зина жасаған бойдақ адамға дүре соғу жазасы бекітілген де, ал отбасылы адамға «тас боран етілу» жазасы тағайындалған (әрине егер төрт куәгер үстінен түскен болса). Осыдан-ақ, отбасылы кісінің зина жасауының күнәсі екі есе ауыр екендігін ұғуға болады. Тұрмыстағы әйелдің ондай күнә іске баруы тым ауыр. Өйткені, «еркек бұзылса – отбасы бұзылады, ал әйел бұзылса – әлем бұзылады» деген аталы сөз бекер айтылмаған.

Енді сауалыңызға келер болсақ, әйелі зина жасаған болса, оны кешіру не кешірмеу күйеуінің еркінде. Күйеуі қаласа талағын беріп босатады, қаласа кешіріп, отбасын сақтай алады. Күйеуі ажырасуға міндеттелмейді. Бұған қатысты Ханафи фиқһ кітаптарында былай делінген:

 لا يجب على الزوج تطليق الفاجرة

«Күйеуіне азғындаған әйелін талақ ету міндет емес»[1]. «Азғындау сөзі зинаны да қамтиды» дейді Ибн Ғабидин[2].

Қорыта айтқанда, әйелі зина ісіне барып қойған мұсылманның ажырасуы міндетті емес. Ерікті іс. Әйелі ісіне өкініп, тәубеге келіп, ендігәрі ондай қадамға барудан үзілді-кесілді тыйылған болса, күйеуінің кешіргені жақсы. Ал ондай ісін тоқтатпай жалғастырып жатса, ажырасқаны жөн, онда да, соңғы шешім күйеуінде болмақ. «Соңғы шешім күйеуінде» деуімнің себебі, риуаяттарға қарағанда бір адам Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулалла! Әйелім тиген қолды қайтармайды» - дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Оны талақ етіп, ажырас» деп айтады. Бірақ әлгі кісі: «Мен оны жақсы көремін» деп, қимайтындығын білдіреді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Олай болса, оны пайдалан (яғни, ажыраспауға құқылысың)» - деген екен[3] . 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Хашияту Раддуль Мұхтәр». 9\611 бет.
[2] Ибн Ғабидин: «Хашияту Раддуль Мұхтар». 9\611 бет.
[3] Әбу Дәуід: «Сүнән»; Нисаи. Сахих хадис. Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен.

Абдусамат Қасым