Әйелі күйеуін талақ айтуға зорласа, ол талақ болып санала ма?
Әйелі күйеуін талақ айтуға зорласа, ол талақ болып санала ма?
5 жыл бұрын 5174

Ассалаумағаликум! Сұрағым бар еді. Бір келіншек күйеуі екеуі қатты ұрысып, әйелі өзі қайта-қайта талақ сұрапты: «Берде бер, берде бер» деп қоймапты. Сонымен күйеуі талақ бергісі келмеген екен. «Балалар бар ғой, қой, одан да үйіңе барып кел» десе де әйелі қоймапты «үш талақ бермесең кетпеймін» деп. Бір кезде күйеуі қол жұмсапты. Әйелі пышақ алып, қолда баласы бар екен «өз-өзімді өлтірем, балаға да тығып аламын» депті. Күйеуі қатты қорыққаннан үш талақ бердім деп айтыпты. Біраз уақыттан кейін екеуі де ашулары басылып, әйелі кінәсін біліп «кеткім келмейді» деп отыр. Күйеуі де айтқанына қатты өкініп отыр екен. Күйеуінің ниеті «әйелі өзіне не балаға пышақ тығып алмасын» деген ниетте болыпты. Пышақ тығып ала ма деген қорқыныштан талағын айтыпты. Осы мәселе қалай болады екен?  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ханафи мәзхабында зорлықпен айтылған талақ – талақ ретінде есептеледі[1]. Оған бірнеше риуаят дәлел. Мысалы, Әбу Һурайрадан жеткен бір хадисте Алла елшісі: «Жарыместен басқаның талағы есептелінеді», - дейді[2].

Тағы бір риуаятта, Пайғамбарымыздың заманында Сафуан ибн Имран атты бір кісі болды. Ол бір күні ұйықтап жатқан кезінде әйелі кеудесіне отырып алып, мойнына қанжар тақайды да: «Не мені талақ етесің, не болмаса, мен сені өлтіремін» дейді. Ері қанша жалынып, жалбарынса да әйелі көнбейді. Ақыр соңында күйеуі үш талақпен талақ етеді. Өлім аузынан құтылған ол дереу Алла елшісіне келіп, болған жайды баяндап, оның үкімін сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Лә иқоләтә фит талақ» дейді, яғни «талақта райдан қайту деген нәрсе жоқ» деп жауап береді[3]. Осылайша, зорлықпен болса да айтқан үш талағы – талақ боп есептелетіндігін ұғындырады.

Әзіреті Омардың халифалығы кезінде де бір адамның әйелі күйеуінің қарнына қылыш тақап: «Аллаға ант етемін, қарныңды жарамын, не талақ етесің!» дейді. Күйеуі үш талақпен талақ етіп құтылады. Одан кейін мәселенің үкімін Әзіреті Омардан сұрайды. Әзіреті Омар талағын заңды деп табады. 

Алайда, Ханафидан өзге мәзхабтарда, атап айтсақ, Мәлики мәзхабында, Шафиғи мәзхабында және Ханбали мәзхабтарында зорлықпен, мәжбүрлі түрде айтқызылған талақ негізсіз болып табылады. Пайғамбарымыз: «Лә талақа филь Иғләқ» деген. Оның мағынасы: «Зорлықта талақ жоқ» деген сөз[4]. Басқа бір хадисінде: «Алла Тағала менің үмбетімнен қателікпен жасалғанды, ұмытып істегенді және зорлықпен істетілгенді кешірді», - деген[5].

Қорытындылай айтқанда, келіншегінің балаларының өміріне немесе өзінің өміріне қауіп төндіретіндігі анық болса, ондай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында, талақ айтуға мәжбүр болған адамның талағы Ханафи мәзхабы бойынша талақ боп саналады. Неке бұзылған болып есептеледі. 

Ал өзге үш мәзхабта зорлықпен айтылғандықтан талақ болып саналмайды. Имам Мәлик «адам өзі үшін, баласы үшін яки мал-дүниесі үшін қорқуды «икрәһқа», яғни, зорлыққа, мәжбүрлікке жатқызған. Бұған әйелінің өз-өзіне қол салу қауіпін де кіргізуге болады.

Бірақ, бұл мәзхаб ғұламалардың реттеген талаптары бойынша, сауалдағы айтылған оқиғадағы талақты «талақ» емес деуіміз үшін мына шарттар табылуы тиіс: 

  1. Сол сәтте әйелі қорқытқан ісін расында да істей алатындай күште болуы.
  2. Сол сәтте күйеуінің тосқауыл болуына мүмкіндігі болмауы, күші жетпеуі, әрі көмекке шақыратындай да мүмкіндігі болмауы.
  3. Талақ бермеген жағдайда өзіне не балаларына қауіп төндіретіндігі анық болуы.
  4. Күйеуінің талақ ету ниетінің болмауы[6]. 

Әсілінде, Ханафи мәзхабының ғалымдары «зорлықты» үш түрге бөлген:

Біріншісі - Кәміл зорлық. Мұнда адамның разылығы да, таңдауы да жоқ. Мысалы, біреу оның өміріне қауіп төндірсе т.б.

Екіншісі – нұқсан зорлық. Мұнда адамның разылығы жоқ, бірақ істеу-істемеу мәселесінде таңдауға мүмкіндігі бар. Мысалы, түрмеге қаматам деп қорқытса, денесіне зақым келтірмейтіндей ұрса т.б.

Үшіншісі – Әдәби зорлық. Мұнда да разы емес, бірақ таңдауы бар. Мысалы, ата-анасын немесе балаларын, яки аға-інілерін, әпке-қарындастарын түрмеге қамаймын десе т.б. Мұндай зорлық түрінде жасалған іске қатысты үкімдер өз күшіне енбейді[7].

Ендеше, сауалдағы «әйел кісінің өз-өзіне немесе балаларына қол салам» деп қорқытуын да зорлықтың үшінші түріне жатқызсақ (әдәби зорлыққа), онда Ханафи мәзхабы бойынша да сұрақтағы күйеуінің айтқан талағы есепке алынбайды деуге негіз бар. 


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр. 4/438 бет.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән. №1191:  كل طلاق جائز إلا طلاق المعتوه المغلوب على عقله
[3] Имам Зәйлаъи, Насбур риуая.: Хадисте пайғамбарымыздың «райдан қайту деген жоқ» деген сөзі, үш талақ айтқан кісіге қатысты болып отыр. Ал бір не екі талақ айтқан адамны талағы – «рижғи талақ» саналып, үш хайыз уақыт ішінде райынан қайтып, әйелімен татуласа алады.
[4] Ибн Хазм: әл-Мухаллә бил Әсәр.
[5] Ибн Мәжә.
[6] Шейх Жәддуль Хақ: Дәруль Ифат. 1980 ж. №3225.
[7] Уаһбату Зухайли: әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу. 5/387 бет. 17 тарау. Әл-Икрәһ.

Абдусамат Қасым