«Серік» деген есімімді ауыстырсам ба екен?
«Серік» деген есімімді ауыстырсам ба екен?
9 жыл бұрын 13461

Әссәләмуғалейкум! Қазір өзінің қазақша атын ауыстырып, өзіне арабша ат қойып жүрген жігіттерді (аз болса да) көріп жүрмін. Мысалы, қазақша «Серік» деген есім. Бұл қалай болғаны? Қазақшылықтан бас тартып, арабшаға кетіп бара жатқан сияқты кейбір бауырларымыз. Бұл басқа жақтың ықпалы емес пе? Қуаныш.

Уағалейкум әссәләм! Қадірменді Қуаныш, Пайғамбарымыз (ﷺ) бірнеше адамдардың жағымсыз есімдерін өзгерткендігі хадистерде кездеседі. Мысалы, «Қарсы келуші» деген мағынаны білдіретін «Ъас» есімді «Мутиъ», яғни, «Мойын ұсынушы» деп ауыстырса, «Ғураб» деген есімді - «Муслим», «Шиһаб» есімін - «Һишәм», «Харб» есімін - «Хасан» деп өзгерткен.

Бірақ, бұл «дінге зейін қойған адамның міндетті түрде есімін ауыстыруы керек» деген сөз емес. Өйткені, Пайғамбарымыз (ﷺ) есім ауыстыруды әркімнің өз еркіне қалдырған. Мысалы, ертеректе сахаба көзін көрген табиғин Саид ибн Мүсәйяб дейтін ғалым болған. Оның атасының есімі «Хәзн» еді (Хәзн деп – араб тілінде «қатты жерді» айтады. Адамға қолданылғанда: «қатыгез», «қатал мінез» дегенді білдіреді). Бір күні Саидтің атасы Хәзн Пайғамбарымызға (ﷺ) келгенде Пайғамбарымыз (ﷺ) одан:

- Есімің кім? - деп сұрайды.

- Есімім Хәзн, – деп жауап береді.

- Атың «Сәһл» болсын – дейді Пайғамбар (Сәһл дегеніміз – борпылдақ, жұмсақ жер).

- Әкемнің қойған есімін өзгертпеймін – деп, Хәзн өзінің атын өзгертпей қояды. Кейіннен немересі Саид: «Содан барып біздің отбасыда қиындық кетпей қойды» - деген екен[1].

Осы риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) «Хәзн» сөзінің мағынасы ұнамсыз болса да өзгертуді мәжбүрлемеген.

Ал, енді, «Серік» есіміне келер болсақ. Осы есімнің мағынасын назарға ала отырып, кейбір кісілер «Аллаға серік қосу ұғымын ойға салып тұр» деген пікір қалыптастыруы мүмкін. Мұндай пікір – қате. Ата-анасы баласына тіршілігімізге қолқабыс етсін, өмірімізге серік болсын деп «Серік» есімін беріп жатады. Оның "Аллаға серік қосу" мәселесімен ешқандай байланысы жоқ. 

Осы орайда «неге кей кісілер есімдерін ауыстырады?» дегенге келсек, бұған итермелейтін себептер әртүрлі болуы мүмкін. Айталық, кейбір кісілер Исламмен танысуының нәтижесінде жеке өмірінде көптеген өзгерістер байқап, өмірлік ұстанымымен қоса, өзінің есімін де өзгертуді жөн санап жатады. Әсіресе, Исламды қабылдаған өзге дін өкілдерінде бұндай нәрсе көп кездеседі.  

Енді, «діни есім қою қазақшылықтан ауытқу ма?» дегенге айтарымыз, қазақшада бұрыннан келе жатқан діни есімдер баршылық. Мысалы, Әбдірахман, Әбділдә (Абдулла), Әбілқасым (Әбулқасим), Айша, Әдиша (Хадижа), Ибрахим, Мұхаммед Ханафия т.б. Сондықтан, қандастарымыздың бірі өзінің есімін діни бір есімге ауыстырып жатса, қазақшылығына зияны тимес деген пікірдеміз. Әйтсе де, тағы қайталап кетелік, өз есімін діни есімге ауыстырсын дейтін дінде бұйрық жоқ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Сахих Бухари - №5840.; Әдәбул Муфрад – (372) №864 хадис.

Абдусамат Қасым