"Рахым" деп, Алланың есімдерінің бірін балаға қоюға бола ма?
"Рахым" деп, Алланың есімдерінің бірін балаға қоюға бола ма?
4 жыл бұрын 17874

Ассаламуғалейкум! "Әл-Мұхсин" деп есім қоюға бола ма? Рахмет. Нұрлыбек.

"Рахым" деп балаға қойса бола ма? Өйткені "Рахым" Алланың есімдерінің бірі деп естідім, "Рахим" деген. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Алла Тағаланың есім және сипаттарын балаға есім етіп қою мәселесінде ғалымдар оларды (Алланың есім және сипаттарын) екіге бөледі:

  • Біріншісі – Алла Тағалаға ғана хас, Оған ғана жарасар есім-сипаттары. Мысалы, Аллаһ, Құдай (Иләһ), ар-Рахман, әл-Әууәл, әл-Әхир, әл-Ахад, әл-Холиқ т.б. Мұндай есім-сипаттарды балаға қоюға болмайды. Қоятын адам басына «Абду» сөзін тіркестіріп, қоюы тиіс. Мысалы, Абдуррахман, Абдулла т.б. (Абду – құл, пенде деген мағынада).
  • Екіншісі – Алла Тағаланың адамдарға да тән есім-сипаттары. Мысалы, Рахим (Рахым), Азиз, Алий, Рашид т.б. Алла Тағаланың мұндай есім-сипаттарын адамға да қолдануға болады[1]. Бұлар адамдарға қарасты қолданғанда адамның деңгейіне сай мағынада қолданылатындығы түсінікті. Мысалы, пендеге «рахым» деп айтқанда, оның рахымдылығының шегі бар. Өйткені, пенденің рахымды деген сипаты шектеулі. Ал, Аллаға қарасты «Рахымды» деп қолданылғанда Рахымдылықтың кемел түрі ұғынылады. Сондықтан да, бұлар адамдарға қарасты қолданғанда адамның деңгейіне сай мағынада қолданылады дейміз.

Демек, Алла Тағаланың адамдарға да қолдануға болатын кейбір есім-сипаттарын балаға қоюға болады екен. Бұған дәлел - Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде сүйікті Елшісін (с.а.у.) мақтай келе былай деп өтеді:

« بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ Ол (пайғамбар) мүміндерге өте кешірімді және өте мейірбан»[2].

Аталмыш аятта Құдай Тағала Пайғамбарымызды «Рауф» және «Рахим» деп атап отыр. Бұл екі сипат – Алланың 99 есімдерінен саналады. Осыдан да, мұндай сипаттардың пендеге де қарасты айтыла беретіндігін ұғынамыз.

Әйтсе де, мұндай есім-сипаттарды балаға қойған кезде құр өзін ғана қойып, басына «Әл» артиклін жалғамаған абзал. Мысалы, Рахим деген есімнің басына «әл» қойып: «әл-Рахим» (ар-рахим) дегені сияқты. Немесе «Азиз» деген есімнің басына «Әл» қойып: «Әл-Азиз» дегені сияқты. Бұлай атау – көбіне Алла Тағалаға қарасты қолданылады. Адамдарға онсыз қолданған жарасады.

Демек, сұрақтағыдай «Мұхсин» деп қоюға болады. Себебі «Мұхсин» атауы адамға да тән есім. "Рахым" деп те қоюға болады. Өйткені "Рахим" есімі адамға да тән есім. Сол себепті, басына «Абд» тіркесін жалғамай-ақ «Мұхсин» деп немесе "Рахым" деп құр өзін қойса болады. Бірақ, сұрақта айтылғандай «Әл-Мұхсин» деп басына "Әл" артиклін қоймаған дұрыс. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтар» - 9/598 бет.
[2] «Тәубе» сүресі, 128 аят.

Абдусамат Қасым