Әссәләмуғалейкум! Бір уағызда тыңдағаным бар еді: Некесіз туылған бала жұмаққа кірмейді деп. Бұл қаншалықты рас? Бауыржан.
Некесіз туылған бала пейішке кірмейді екен. Бұл қаншалықты рас?
|
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Пайғамбарымыздың жұбайы Айша анамыздан (р.а.) осы жайында сұрағанда Ол (р.а): «Ата-анасының кінәсі үшін оған ештеме болмайды»[1], - деп жауап берген. Ендеше, иманды болып, мұсылман күйінше өлген жағдайда, пейішке кіруіне ол нәрсе кедергі емес.
Ал, сұрақтағы «некесіз туылған...» дегенге ұқсас риуаят жоқ емес, бар. Әлсіз хадистің бірінде: «Зина баласы пейішке кірмейді», - делінген[2]. Әйтсе де, бұған қатысты Айша анамыз: «Егер, әке-шешесінің ісін қайталайтын болса ғана...» деп түсіндірме жасағандығы деректерде айтылады. Оның үстіне, кейбір хадисші ғалымдар аталмыш риуаятты жалған хадистер қатарынан санаған. Солардың ішінде Ханафи ғалымы, хадисші Алиюл Қари да бар. Әлсіз хадиске немесе жалған хадиске сүйеніп, "харам" немесе "тозақтық" деген үкімдер шығарылмайды.
Бұнымен қатар, ондағы "зина баласы" сөзі некесіз туылған баланы емес, көп зина жасаушы адамды білдіріп тұр деуге болады.
Осы тұрғыда, некесіз қатынасқа түсудің күнәсі ауыр екендігін ұмытпаған жөн. Мұны шариғат "зина" деп атап, жазасының қатты екендігін ескертеді.
[1] Имам Бәйһақи - №20485 хадис.
[2] Дәрими: Сүнән - №2093; Ахмад ибн Ханбәл: Мүснәд, №6853 хадис.