Менің жарым, менің тағдырым ба?
Менің жарым, менің тағдырым ба?
10 жыл бұрын 16775

Ассалаумағалейкум!  Менің қояр сұрағым мынадай. Адамның тағдырында кіммен үйленетіні жазылып қойған ба? Яғни, біздің болашақта кіммен қосылатынымыз жазылған ба, әлде ол нәрсе өз таңдауымызбен, еркімізбен бола ма? Кейде адамдар ажырасып кетіп жатады. Бұлар маңдайларына бір болу жазылмағаннан соң ажырасып кете ме? Солай айтатын адамдарды естідім. Кейде екі жақ некесіз жақындасып қойып, кейін қыздың аяғы ауыр боп қалып, амалсыз қосылып жатады. Бұл да тағдырында жазылғандықтан ба? Жалпы «маңдайға жазылған жар» дегеннің мағынасын ашып, түсіндіріп берсеңіздер. Алла разы болсын сіздерге. Жанат Хурметбек

Уағалейкум ассәләм уа рахматуллаһи уа бәракәтүһ! Алдымен «тағдыр» дегеніміз не, соны қысқаша айталық. Тағдыр деп – Жаратушы иеміздің қияметке дейінгі туындайтын жағдайлардың пайда болатын кезеңдерін, орындарын, қандай ерекшеліктерде болатындықтарын т.б. әр нәрсенің егжей-тегжейін алдын ала біліп, сол білгеніне сай уақыты келгенде жаратуы. Өйткені Алла Тағаланың білгіштігінде шек жоқ (әл-Ъалләмул ғуюб) және Оның қалаған нәрсесі жүзеге асады (Ирада).

Ерлі зайыптылардың бірін-бірі таңдап, ұнатып, артынша бірге отбасы құратындықтарын Алла тағала алдын-ала, әзәлден білген. Және солай болатындығын қалаған, құп көрген. Өйткені, Алла қаламаған нәрсе жүзеге аспайды. Сондықтан болар қазақта «Құдай қосқан қосағым» дей келе, некелесудің түпкі себебін Алланың ісімен байланыстырып жатады.  

Дегенмен Алланың алдын-ала білуі әлдекімді отбасы құруына мәжбүрлемейді. Адам баласы Алла берген санасын қолданып, бойына біткен қалау еркіндігін пайдалану арқылы өмірлік қосағымен үйленеді. Олардың қалау еркіндігіне сай діттегендерін Алла тағала іс жүзінде жаратады.

Ендеше, ерлі-зайыптылық  - адамның өз таңдау еркіндігінің және сол таңдау еркіндіктеріне сай Алланың жаратуының нәтижесі.

Бұл жерде мынаны ұмытпау керек, Алланың әр нәрсені алдын-ала, әзәлден білетіндігіне сенуіміз - Жаратушымыздан «жақсы жар» тілеуімізге кедергі емес. Мұсылман кісі жар таңдар кезінде Алладан тауфиқ сұрай отырып, Алла берген санасымен оңды-солын таразылап, өз қалағанын таңдайды.

Ерлі-зайыптылардың ажырасуы, некесіз қатынасқа түсіп қоюы т.б. әрекеттердің бәрі дерлігі Алланың «тағдырында» жазулы. Бірақ «солай болсын» деп емес, «солай болады» деп жазылған. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

Абдусамат Қасым