«Күйеуімнің қылықтарынан қатты суып кеттім, не істеймін?»
«Күйеуімнің қылықтарынан қатты суып кеттім, не істеймін?»
23 күн бұрын 993

Күйеуіммен бірге тұрамыз. Бірақ бөлек жатады. Менде шаруасы жоқ. Тек үй қызметшісі сияқты көреді. Қатты суып кеттім осындай қылықтарынан. Некеміз бұзылуы мүмкін бе? Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы!

Күйеуіңіз бен араңыздың суып кетуі некені бұзбайды. Неке бұзылу үшін талақ айтылуы керек немесе сот арқылы ажырасқан болу керек. Әрине, шариғатта бекерден бекер ажырасу да күнә. Ажырасуға арыз тастау үшін маңызды себеп болмағы ләзім.

Әзіреті Омардың заманында ерлі-зайыпты ер мен әйел құзырына келіп, ажырасатындықтарын айтады. Күйеуі әйелінен: «Сен мені жек көресің бе?» деп сұрайды. Әйелі: «Иә!»-деп жауап береді. Сонда Әзіреті Омар оған: «Бірің өтірік болса да (жақсы көремін) деп айта салсын, сөйтіп сырттай жақсы болып көрінсін (жақсы көретін сияқты әдемі сөйлеп, әдемі мәміледе болсын). Отбасының бәрі махаббатқа құралмайды ғой. Көп отбасы ізгі қасиеттер мен діннің тағылымы негізіндегі қарым-қатынасқа сүйенеді» - деген екен дана сахаба1. Құранда "жамандыққа жақсы амалмен жауап бер" деп үйретеді2. Мүмкін еріңіздің сізге деген махаббаты қайта оралар. Араңызда жылулық сезімі қайта туар. 

Сондықтан да, махаббат жоқ деп сонша жылдық некені бұзғаннан гөрі, отбасылық қарым-қатынасты өзара сыйластық пен адалдық негізінде жүргізе берген жөн болмақ. Ал арадағы түсініспеушілікті диалог арқылы шешуге тырысқан жақсы. 

1ӘлҺинди: «Кәнзуль Ъуммал».
2Құран, "Фуссыйләт" сүресі 34 аят. 

Абдусамат Қасым