«Күйеуіме ашумен «кәпір», «пасық» деп айтып қойдым, некеміз бұзылмады ма?»
«Күйеуіме ашумен «кәпір», «пасық» деп айтып қойдым, некеміз бұзылмады ма?»
4 ай бұрын 1576

Сәлеметсіз бе! Мен куйеуіме «кәпір», «пасық» деп қатты ашумен айтып қойдым. Некеміз бұзылдыма, бұзылмады ма екен?

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы! Күйеуіңізді олай атағаныңыз үшін некелеріңіз бұзылмайды, бірақ «мәкруһ» жасаған боласыз. Дінімізде күйеуіне олай айтпақ түгілі, есімін атауды әдепке теріс санаған. Ал оған «кәпір», «пасық» т.б. деп айту харамға жақын мәкруһ болмақ. Өйткені, күйеуі былай тұрсын, бөтен бір мұсылманға «кәпір» деу ауыр күнә саналған. Алла елшісі (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде біреуге кәпір десе, ол сөз айтушының өзіне оралады деп ескерткен1.

Отбасы берекесі ерлі-зайыптылардың өз-ара сыйластығына байланысты. Бұл шындықты атам қазақ мына сөзімен әдемі білдіріп кеткен: «балаң патша болсын десең, әкесін хандай күт». Бұл сөзге мән беріп қараған адам үшін астарында үлкен тәрбиелік мән жатқандығы сөзсіз!

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1«Қайсыбір кісі өзінің дін бауырына: «Ей, Кәпір» - десе, бұл сөз екеуінің біріне оралады. Егер, ол оның айтқаны сияқты болса, онда орынды. Олай болмаған жағдайда, бұл сөз айтушының өзіне оралмақ». (Хадис, Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).

Абдусамат Қасым