Күйеуім жасырын бөтен қыздармен сөйлеседі. Шариғат бұған не дейді?
Күйеуім жасырын бөтен қыздармен сөйлеседі. Шариғат бұған не дейді?
7 жыл бұрын 14724

Сəлеметміздер ме! Күйеуім жиі мені алдап, басқа қыздармен жасырын сөйлеседі. Талай рет ұстап алып, артынан өзім таяқ жеп,біраз уақыттан соң кешірім сұрап... Қыз бен жігіт болып жүріп жүр «сүйем, күйем» деп, мені алдап... Ал, мен əбден қиналып біттім. Екі балам үшін шыдаймын, бірақ қашанға дейін?! Оның сөзі қаншалықты рас? Шариғатта еркектің көзге шөп салуына тыйым салынған ба? Өтірік айтуына рұқсат па? Мен көнуім керек пе? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Шариғатта сіз айтып отырғандай сөйлесу тек некелі жарымен ғана рұқсат. Бөтен қыз-келіншектермен белгілі ара-қашықтықты сақтамай нафсани сөздер айтып, әңгімелесу - күнә. Себебі, бұндай нәрселер зинаға жетелейді. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде: «Зинаға жақындамаңдар!» - деп бұйырған (Исра сүресі, 32 аят). Яғни, зина істеу былай тұрсын, зинаға апарар әрекеттердің өзі харам деген сөз. (Алайда, қызмет бабымен сөйлесу яки бір нәрсені білу үшін сұрақ жолдап, жауабын алу т.б. бұлар күнә емес, өйткені мұндай нәрселерде қажеттілік бар).

Сондықтан да, құдайдан үміті бар жан тәубеге келіп, мұндай қылығын доғарғаны дұрыс. Бұ дүниедегі бір сәттік нәпсі құмарлық, о дүниедегі бір күнінің өзі мың жылға татитын тозақ отына күйюге тұрмайды. Құран Кәрімде былай делінген: 

"Ол күні олардың ауыздарын мөрлейміз. Бізге қолдары сөйлеп, не істегендеріне аяқтары айғақ болады"

(Ясин сүресі, 65 аят).

«Әйел – Алланың аманаты» дейді Ислам. Қиянатқа жол жоқ. Құран Кәрімнің Ниса сүресінде Жаратушы Алла: «Жұбайларың сендерден салмақты (жауапкершілігі мол) уәде алған тұғын», - дей келе оларға қиянат етпеуімізді ескертуде (Ниса сүресі, 21 аят).  

Осы суренің басқа бір аятында Ұлық Раббымыз: «...Сондай-ақ, әйелдеріңмен жақсы шығысыңдар. Егер оларды ұнатпайтын болсаңдар, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алла тағала көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін», - деп бұйырады (Ниса сүресі, 19 аят.). Яғни, әлдебір кісіге үйдегі жарынан гөрі көшедегі бөтен әйел тартымды болып көрінсе де ол үшін қайырлысы – Құдай қосқан қосағы екенін ұмытпағаны жөн.

Сізге айтар кеңесіміз, «дұға – мұсылманның қаруы» деген Пайғамбарымыз (с.а.у.). (Әл-Хакими: әл-Мүстәдрак - № (698) 1855 хадис.). Әр намазыңызда Алладан хидаят сұрап, дұға етіңіз. Жүректерді құбылтушы Алла еріңіздің жүрегін де туралыққа бұрып қоярына сенімдімін. Бұдан бөлек еріңізбен ашық сөйлесіп, ондай әдетінен тыюға тырысып, уәдесін алғаннан соң одан кейінгісін Аллаға тапсырған абзал шығар. Неге десеңіз, үнемі күдіктенудің салдарынан таусылып, өміріңізді уайым-қайғымен өткізу – өзіңіз айтпақшы, адамды қинап жіберері сөзсіз. Әрине, ажырасуға не ажыраспауға еріктісіз. Бірақ, мұндай мәселеде ажырасу – әрдайым дұрыс шешім бола бермеуі мүмкін. Қандай жағдайда да ажырасу – ең соңғы қадам. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Алла сізге және отбасыңызға баянды өмір нәсіп еткей! 

Абдусамат Қасым