Жолдасым ішімдік ішеді, не істеймін?
Жолдасым ішімдік ішеді, не істеймін?
9 жыл бұрын 8525

Сәлеметсіз бе! Жұма мүбарак болсын! Сұрағым бар еді: Менің жолдасым жылдар бойы ішімдік ішіп келеді. Кейде пенделікке салынып ашуланамын, кейде сабыр сақтаймын. Айтыңызшы, мұсылман әйел ретінде өз ерімнің алдында өзімді қалай ұстағаным дұрыс? Төрт баламыз бар. Бес уақыт намазда дұға етемін, Алладан тілеймін. Ажырасқым келмейді. С.

Сәлеметсіз бе! Сұрағыңызды оқи отырып, Құранда тілге алынған перғауынның әйелі Мүзәхимқызы Әсия есіме түсті. Оның күйеуі өзін Құдай санайтын. Ол - қу басының амандығы үшін және тағын қызғанып, мыңдаған сәбиді қылыштан өткізген залымның залымы еді. Керісінше, жұбайы Әсия он сегіз мың ғаламның Иесі, құдіреті күшті Аллаға шын сеніп, құлшылығын үзбей, жасырын түрде Жасағанға жалбарынатын[1]. Пайғамбарымыз өзінің хадисінде Әсияны пейішке кіретін әйелдер арасындағы ең хайырлы төрт әйелдің бірі ретінде санаған[2]. Оның мұндай мәртебеге лайық болуының астарында сабырлы, мейірімді, иманды, ізгілікке құштар адам болғандығы жатса керек. Мейірімді деуіміздің себебі, сумен ағып келген құндақтағы болашақ пайғамбар Мұсаны залым күйеуінің қанды қолынан арашалап қалған[3]. Және бүкіл халықты өзіне табындырғысы келген антұрған күйеуінің қылығына қарамастан Жаратушымен байланысын үзбей, жасырын болса да мінәжат етті. Жолдасының әрекетіне іштей қынжылып, Раббысына шағымданатын.

Сізге айтарымыз, сабыр етіп Алладан еріңізге туралық тілеуді тоқтатпаңыз. Құранда: «сабыр және намаз арқылы жәрдем тілеңдер», - делінген[4]. Жүректі құбылтушы - Алла, жолдасыңыздың да жүрегін хидаятқа бұрып қояры сөзсіз.

Бұнымен қатар, психологтардың да көмегіне жүгінуді ұмытпаған жөн. Олармен ақылдаса келе күйеуіңіздің әлгіндей әрекетке не үшін барып жүргенін анықтап, моральды тұрғыда көмек беріп, жаман қылықтан арылуына септігін тигізе аласыз деген ойдамын. 


[1] Тахрим сүресі, 11 аят.
[2] Сахих Бухари.
[3] Қасас сүресі, 9 аят.
[4] Бақара сүресі, 45 аят. 

Абдусамат Қасым