Ерлі-зайыптыларға қатысты сұрақ (+18)
Ерлі-зайыптыларға қатысты сұрақ (+18)
5 жыл бұрын 12150

Армысыздар! Ұят та болса, сұрасам деп едім. Біреулерден естуім бар, егер жақындасу кезінде күйеуі әйелінің омырауынан сүт жұтса, арада сүт аналық байланыс туады екен. Осы қаншалықты рас? Солай болса, неке бұзыла ма? Екеуі бір-біріне харам болып санала ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Сүт аналық үкімі туындау үшін емген бала ең көп екі жарым жаста болуы керек. Екі жарым жасқа дейінгі аралықта сәби әлдебір әйелді бір рет емген болса, оның сүт баласы саналып, арада «сүт аналық» үкімі туындайды. Соның нәтижесінде, сүт ананың өз балалары бұның сүт бауыры болып есептеледі. Ал, екі жарым жастан асқан балалар бөгде ананы емген болса (мысалы, үш жасар бала емген болса), арада «сүт аналық» үкімі туындамайды[1].

Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуасы[2]. Оның шәкірті Әбу Юсуф болса, мұны "екі жасқа дейінгі аралықта емсе" деп, екі жаспен шектеген.

Ендеше, күйеуі әйелінің омырауындағы сүтін жұтқан жағдайда ерлі-зайыптылардың арасында «сүт бауырлық» үкімі туындамайды, екеуі бұрынғысынша бір-біріне халал болып қала береді.  

Сахих риуаяттарға қарағанда, сахаба Әбу Мұса Әшғариге бір ер адам келіп: «Мен әйелімнің омырауынан сүт еміп, ішіме кетіп қалды» деп айтады. Әбу Мұса Әшғари оған: «Ол (яғни, әйелі) саған харам болды деп ойлаймын» деп жауап береді. Сонда білікті сахаба Абдулла ибн Мәсъуд Әбу Мұса Әшғариға:

- Ана адамға қандай пәтуа бергеніңді қарашы»  - дейді.

- Сен ол жайында не айтар едің? – деп сұрайды Әбу Мұса Әшғари одан.

- Сүт бауырлық тек екі жасқа дейінгі аралықта (емсе) ғана туындайды, - деп жауап береді Ибн Мәсъуд. Сонда Әбу Мұса Әшғари әлгі пәтуа сұрап келген адамға:

- Араларыңда мынадай ғұлама жүргенде, менен пәтуа сұрамаңдар, - деп Әбу Мұса Әшғари, Абдулла ибн Мәсъуттің берген жауабының дұрыс, ал өзінінкін қате екендікін меңзейді[3]. 


[1] Имам Убайдулла ибн Мәсъуд әл-Мәхбуби: «Ән-Нуқоя Мухтәсаруль Уиқоя». Китабур Радаъ.
[2] Имам Ағзам Әбу Ханифаның сүйенген аяты «Ахқаф» сүресі, 15-аят. Ол аятта: «Баланы көтеру мен емшектен шығару уақыты – отыз ай» делінген. Отыз ай – екі жарым жылға тең.
[3] Имам Мәлік: «әл-Муа-тта» - Китабур Радаъ. №1327.

Абдусамат Қасым