Ерлі-зайыптылар арасында жылулық жоғалып, аралары суыса, неке сақтала ма?
Ерлі-зайыптылар арасында жылулық жоғалып, аралары суыса, неке сақтала ма?
3 жыл бұрын 7018

Сұрағым бар еді. Талақ айтылмаса, бірақ бір шаңырақта тұрса, жұбайлар сияқты емес, жәй көршілер сияқты. Бұндай жағдайда неке сақтала ма? Анон.  

Құрметті сауал жолдаушы, ерлі-зайыптылардың арасында жылулық жоғалғаны себепті некелері бұзылмайды, некелері сақталады. Бірақ, мұндай келеңсіздікті өршітпей дер кезінде дұрыстаған абзал. Құран Кәрімде: «Егер екеуі жарасуды қаласа, Алла Тағала екеуіне жәрдем береді» - делінген[1].

Ерлі-зайыптылардың бір-бірлерімен жақсы мәліме құрып, бір-бірлерімен жақсы қарым-қатынаста болулары сауап. Құранның тағы бір аятында еркектерге қарасты: «Әйелдерің – сендер үшін киім іспетті. Сендер де әйелдеріңе киім іспеттісіңдер»[2]- дейді. Бұл дегеніміз, бір-бірлеріне жылулық сыйлап, арадағы мейірімділікті ұмытпау керек деген сөз.

Мысалы, бірге жиі серуендеп, өзара сыйлық сыйлап тұрыңыздар. Бір-бірлеріңіздің жақсы жақтарын көруге тырысыңыздар. Орнымен қалжындасыңыздар.

Сондай-ақ, арадағы сый-құрметті ұмытпау керек. Сыйластықтан махаббат туындайды. Қырсықтықтан суықтық туындайды. Сөз таластырудан дұшпандық туындайды. Хадисте - ренжіскен жағдайда кім бірінші жарасуға қадам жасаса, сол бірінші пейішке кіреді делінген.

Және тағы бір маңызды нәрсе – намаздарыңызда бір-бірлеріңіздің артынан дұға жасап тұрыңыздар. Дұға-тілек адамдар арасын жақындатады. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жасаған жақсы дұғалары тез қабыл болады. Қазақта «тілеуін тілеп отыру» деген сөз бар. Тілеуін тілеу дегені сол, күйеуінің артынан намаздарында болсын, басқа уақытта болсын, жақсы дұғада болуды білдіреді. 

Алла Тағала баянды өмір сыйласын!


[1] «Ниса» сүресі, 35 аят.
[2] «Бақар» сүресі, 187 аят.

Абдусамат Қасым