Дінде күйеуі қамалған болса, әйелі ажырасуға арыз тастай ала ма?
|
Әлхәмдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.
Ислам шариғатында үш мәзхабта да күйеуінің қамауда болуы ажырасуға себеп емес: Ханафи мен Шәфиғи мәзхабы бойынша, қамалған мұсылманның тірі екендігі белгілі және оралатындығы анық. Ханбали мәзхабында, күйеуінің қамалуы ол үшін үзір, сәйкесінше әйелін әдейі тастап кеткенге саналмайды, сол себепті әйелі ажырасуға арыз тастай алмайды.
Алайда, бұл мәселеде Мәлики мәзхабы ғалымдары аталмыш үш мәзхабқа кереғар жол ұстанған. Олардың тоқтамы бойынша, күйеуі қамалғаннан 1 жыл өткеннен соң әйелі сотқа ажырасуға арыз тастауына ерікті, өйткені, қамау да ғайып болумен тең, ол (қамалу) әйелін тастап кеткенмен қатар қаралады, егер сот әйелінің арызын қанағаттандырса, "байин талақпен" талақ болып, некелері бұзылады(1).
Тоқ етерін айтқанда, Ханафи, Шәфиғи және Хәнбали мәзхабтары бойынша, күйеуі қамауға алынған жағдайда әйелі ажырасуға арыз тастай алмайды. Ал Мәлики мәзхабында күйеуінің қамалғанына бір жыл өткеннен кейін әйелі ажырасуға арыз беруіне құқылы.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль алямин!
(1) Уахбәту Зухайли: "әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу".