Дінде баланың жөргекпұлын ата-аналары қолдана ала ма?
Дінде баланың жөргекпұлын ата-аналары қолдана ала ма?
2 жыл бұрын 2331

Ассаламуғалекум! Балаға босанғанда берілетін жәрдем ақы ер адамға адал емес пе? Босанғаннан кейін ай сайын алатын және босанғанда беретін жәрдем ақыға еркектің арласы адал емес пе? Менің де жалақым аздау болып тұр. Не істеуге болады? Ілім алып жүр едім. Осыған дейін жеп келдік қой. Сол ақшаға тамақ алдық. Қайтарып беруім керек пе?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында бір араб келіп, Пайғамбарымызға (с.а.у.):

- «Менің әкем, менің мал-дүниемді сыпырып алып кеткісі келеді»- деп шағымын білдіреді.

Сонда Алла елшісі оған:

 « أَنْتَ وَمَالُكَ لِوَالِدك»

- «Сен де, малың да әкеңе тиесілісіңдер» - дейді де, сөзін әрі қарай жалғап: «Жейтін азықтарыңның ең тазасы - өз еңбектеріңмен тапқандарың. Ал балаларыңның дүние-малдары - сендердің еңбектеніп тапқандарыңнан саналады. Сондықтан да, оны жейберіңдер, сінімді болсын!» - дейді1.Осыған орай фақиһ ғұламалар: «әкесі кеңшілікте де, таршылықта да өзінің баласының дүниесін алуының күнәсі жоқ, тек әйкесі кеңшілік кезінде (яғни, өзінде де ақша бар кезде) баласынан рұқсат сұрап алуы керек, ал тарығып тұрғанда рұқсат сұрамай ала береді» деген. (әл-Жассас).

(Фақиһ - Ислам құқық маманы, фиқһшы, шариғат ғалымы).

Сондықтан да, дүниеге келген балаларға көмек ретінде мемлекеттен берілетін айлық жәрдемақыны, жөргекпұлды ата-анасы артылғанын күнделікті азық-түліктеріне қолданып жатса, күнәсі болмас. Баласының дүниесі - ата-анасының дүниесі.

Тек, бала босанғанда берілетін біржолғы жәрдемақыда сәбидің анасының ақысы көбірек. Тоғыз ай көтеріп, артынан өліп-талып босанатын анаға ең үлкен сыйлық - дүниеге аман есен келген сәбиі екендігі сөзсіз, дегенмен біржолғы жәрдемақының мұртын бұзбай, анаға алтын алып берсе немесе басқалай сыйлық жасаса, әбден жарасады. Өйткені көп отағасының сол сәтте зайыбына сыйлық жасауға жағдайы көтермеуі мүмкін, әйтпесе, әрине, қалтасы қалың ер-азаматтар сыйлықты өз қалталарынан жасап жаста құба-құп. Алла Тағала әрбір отбасыға баяндылық нәсіп етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Имам Ахмед: «Мүснәд»; Ибн Мәжә: «Сүнән».

Абдусамат Қасым