Білмей сүт бауырымен үйленген болса, не істеу керек, арада бала бар?
Білмей сүт бауырымен үйленген болса, не істеу керек, арада бала бар?
1 жыл бұрын 18231

Сәлеметсіздер ме! Білмей сүт бауырымен үйленген болса, не істеу керек, арада 4 бала бар? Рақмет. 

"Сүт бауырлар білмей бірге шаңырақ көтеріпті, сүт бауыр екендіктерін кейін білген. Ондай жағдайда не істемек керек, арада бала бар?"

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәәләму аля Расулилләһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам дінінде әлдебір әйелдің омырауын емген нәресте, оның сүт баласы болып саналып, сүт ананың балалары оған «сүт бауыр» болып есептеледі. Сүт бауырлар - бір-бірімен мәңгілікке үйлене алмайды. Оған қатысты хадисте: «Қанмен харам болғандар, сүт емумен де харам болады» - делінген1.Үйленген жағдайда өз еріктерімен ажырасады немесе соттың шешімімен ажыратылулары тиіс.

Сүт бауырлықтың шарттары

Бірақ, арада «сүт бауырлық» байланыс туындау үшін өзіндік шарттары бар. Айталық, Ханафи мәзхабы бойынша «сүт бауыр» болып есептелу үшін басты шарты:

1) Нәресте 2 (екі) жас не одан кішкене жаста емген болуы тиіс. Екі жастан асып кеткен нәресте сүт емген жағдайда «сүт бауырлық» үкімі туындамайды. (Төрт мәзхабта да үкім осы).

2) Ең кемі 1 (бір) рет емген болуы тиіс. Ананың бір тамшы сүті нәрестенің асқазанына барған болса, арада «сүт бауырлық» үкімі туындайды. Бұл Ханафи және Мәлики мәзхабтары бойынша.

Ал Шәфиғи мәзхабы мен Ханбәли мәзхабтары бойынша және Айша анамыздың тоқтамы бойынша арада «сүт бауырлық» байланысы туындау үшін нәресте ең кемі 5 (бес) рет тоя емген болуы тиіс. Бес реттен аз мәрте емген сәби (мысалы, төрт мәрте емген сәби) «сүт бауыры» болып саналмайды. Сондай-ақ, сүт емген нәресте екі жастан аспаған болуы тиіс.

Ендеше, сіздің жағдайды да осы ғұламалардың бекіткен тұжырымдамаларына сәйкес қарайтын болсақ, егер әйеліңіз кішкене күнінде сүт анасын 2 жастан асып кеткен жасында емген болса, немесе Имам Шәфиғидің тоқтамымен айтқанда - бес мәртеден аз емген болса (мысалы, бір мәрте, екі мәрте, үш мәрте), ондай жағдайда арада «сүт бауырлық» үкімі туындамайды, сәйкесінше некелеріңіз дұрыс болады. (Ал Ханафи мәзхабының тоқтамымен айтқанда, екі жасында не одан аз жасында 1 (бір) рет болсын емсе, сүт бауырлық үкімі туындайтындықтан, неке саналмайды, ажырасу керек).

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!  


1Имам Бұхари, «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім, «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым