Әйел адам босанғанда барлық күнәлары кешіріледі дейді, мысалы оқымаған намазы т.б., қаншалықты рас?
Әйел адам босанғанда барлық күнәлары кешіріледі дейді, мысалы оқымаған намазы т.б., қаншалықты рас?
16 күн бұрын 1150

Ассаламуғалейкүм! Әйел адам босанса, барлық күнәлары кешіріледі деген сөз рас па? Оқымаған намаздары, ұстамаған оразасы болса ше?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аяғы ауыр әйелдің босанған кезінде бүкіл кіші күнәлары кешіріледі. Өйткені, хадисте: «Мүмінді шаршау басса, ауырса, қайғырса, уайым жесе, қам жесе, тіпті бір жеріне тікен кірсе де Алла Тағала сол себепті оның қателіктерін кешіреді»1 делінеді. Ендеше, жүктілік кезіндегі ауырсынуы, толғағы және босануы - ананың барлық кіші күнәлары мен жіберген өмірдегі қателіктерінің кешірілуіне себеп болмақ. Алайда, оқылмаған намазы, ұстамаған оразасы болса, олардың қазасын өтеу міндеті мойнынан түспейді. Мүмкін Алла Тағала өзінің шексіз кеңшілігімен босанған әйелдің намазды қаза қылған үшін жазылған күнәларын кешіруі мүмкін, ол - Алланың еркіндегі нәрсе. Алайда намаздың қазасын өтеуден босатылмайды. Мүмкіндігі болғанда қазасын өтеуі тиіс. Ораза да солай. Мысалы, жүктілік кезінде ұстамаған Рамазан оразасын кейіннен бөліп-бөліп болса да өтеуі керек, ол кезде үзбей ұстау шарт емес, қаза оразаларды арасын үзіп ұстаса болады. Осы тұрғыда "кіші күнәлары" дедік. Бұл дегеніміз, үлкен күнәлары үшін бөлек тәубе етуі тиіс, үлкен күнәлар тәубемен жуылады. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым