"Үйленбеймін" деп, ант еткен едім. Үйленсем харам бола ма?
"Үйленбеймін" деп, ант еткен едім. Үйленсем харам бола ма?
9 жыл бұрын 8995

Ассаламуалейкум! Бірде анама қатты ашу кезiнде: «арағыңды қоймайынша тұрмыс құрмаймын», - деп, Алланың атымен ант еткен едім. Енді тұрмыс кұруым харам ба? Сiздерге Алла разы болсын! Алия Қ.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді Алия, кімде-кім бір ізгі амалды істемеуге ант еткен болса, антын бұзғаны абзал. Неге десеңіз, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде-кім бір нәрсені істемеуге ант еткен болса, бірақ ол нәрсені істемеуден гөрі істеген абзал екендігін ойласа, антын бұзып кафаратын өтесін де әлгі істі істесін»[1], – деген.

Үйленіп, үй болу – қайырлы іс. Сондықтан анаңыз ішімдігін қоймаса да «тұрмысқа шықпаймын» деген антыңызды бұзғаныңыз дұрыс. Тұрмысқа шыққаннан кейін бұзылған анттың өтемін, яғни, кәфәратын өтейсіз.

Бұзылған анттың кәфәраты: он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл – ауқатты адамдардың кәфәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[2].

«Кәфәрат» дегеніміз – антын бұзған адамның Алла алдында күнәсін жуып-шаюы. Ол болашақтағы іске ант беріп, оны орындай алмай қалған жағдайда ғана өтеледі[3].

Мынаны да ескерген жөн: егер анаңыз ішімдігін қойған болса, сізге кәфәрат өтеу қажет емес[4].


[1] Муслим, Китабуль Әймән – №1650 хадис.
[2] Бақара – №225 аят.
[3] Әл-Маусули, Ихтияр – 3/383 бет.
[4](Ескерту: Жоғарыда ұсынылған жазба 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-маз редакцияланып, қайта жарияланған түрі)

Абдусамат Қасым