Қызға тізерлеп тұрып сөз салу күнә ма?
Қызға тізерлеп тұрып сөз салу күнә ма?
7 ай бұрын 3106

Ассаламуағалейкүм! Қызға өмірлік жар болуға сөз салғанда бір тізені бүгуге рұқсат бар ма? Яғни, на одно колено отырып, сөз салуға бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мына нәрсені анықтап алу керек: адамның алдында тізерлеудің үкімі қалай? Тізерлеу - сәжде жасау немесе рүкүғ қылу болмағандықтан, харам емес. Мысалы, анасының немесе әкесінің, яки, білімді ғалым, әулиенің алдында тізерлеу осыған мысал бола алады. Мәліметтерге қарағанда, ертеректе Амр ибн Қайс әл-Мәләи есімді хадисші әулие тұлға қашан бір ілімді ғалым адам келсе, оның алдына тізерлей кетіп: «Құдайдың саған үйреткен ілімін маған да үйретші!» - деп айтады екен. Осыдан келіп, дін мамандары «адамның алдында тізерлеудің» күнә еместігін айтады. Әрине, тізерлеудің жөні болады, орны болады. Беталды әркімге тізерлей берудің де адамның құнын төмендететіні сөзсіз. Сондай-ақ, мінәжат ету ниетімен пұтқа не мүсінге тізерлеу күнә. Сондықтан, тізерлеудің де кісінің ниетіне қарай үкімі өзгеретіндігін айта кету керек.

Енді, сауалға келсек, ұнатқан қызына тізерлеп тұрып, сөз салуға бола ма? Елімізде соңғы 10-15 жылда пайда болған мұндай үрдістің европа елінен келгендігі аян. Тізерлеп тұрып сөз салу бейнебір қызға деген адалдығының нышаны іспетті саналады. Бірақ, қазақ әдет-ғұрпында әйел затының алдында тізе бүгу кездеспеген әдет, тіпті, біздің қоғамда мұндай қылық, ер азамат үшін белгілі деңгейде «қорлану» деп қабылданады.

Исламдағы үкімін айтар болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «кім бір қауымға еліктесе, ол солардан» деген. Аталмыш үрдіс діні бөтен елдің әдет-ғұрпына еліктеушілік болып саналатындықтан, үкімі - «мәкруһ», ұнамсыз іс. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым