Намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шықсам бола ма?
Намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шықсам бола ма?
10 жыл бұрын 9984

Ассаламуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу!  Менің намаз оқып жүргеніме 3-4 жылдай болды. Бес уақыт намазымды қаза етпей уақытылы қылғанды бастан-ақ дағдыға айналдырдым. «Ес кіріп, етек жабатын» шаққа жеткеніме пәлендей уақыт болды. Ендігі өмірімде тұрмысқа шығып, отбасы құрсам ба деймін.  Маған көңілін білдірген бір жігіт бар. Ол намаз оқымайды. Мені кідіртіп тұрған да оның осы кем тұсы. Мұсылман емес жігіттерге күйеуге шығуға болмайды дегенді білемін. Ал, мұсылман болып тұрып, намаз оқымайтын жігітке тұрмысқа шыққанға шариғат не дейді екен?  Шырын

Уағалейкумуссалам уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһу! Шырын ханым, Ханафи мәзһабы бойынша, қыздың үйленгісі келген жігіті: біріншіден қыздың тегіне сай; екіншіден, мәһірін беріп болашақта нәпәқамен қамтамасыз ете алатын; үшіншіден, қыздың «діні» мен «тақуалығына» сәйкес жігіт болғаны жөн[1]. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жайында: «Әйелдерді тек теңіне үйлендіріңдер...»[2], - деген. Теңіне шықпаған жағдайда, қызға тиер зиянның алдын алу мақсатында, оның қамқоршысы некенін бұзылуын соттан талап ете алады[3].

Ендеше, дініне берік сіз секілді қыздың мүмкіндігінше, келешекте материалдық жағымен қоса рухани жағынан да сүйеніш болар жар таңдауы ләзім. Намаз оқымайтын жігіт өзімен қоймай, сізді де намаздан суытуы мүмкін. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде: "ٌКісі - досының дінінде. Әркім кіммен жолдастық құрып жүргеніне қарасын", - деп өсиет еткен[4].  Әйтсе де, соңғы шешім өзіңізде.

[1] Мәйдани, Любаб – 3/13 бет.
[2] Даруқутни сүнәні, Китабун Никаһ – 3545 хадис.
[3] Әз-Зубайди, Әл-Жәуһаратун Нира Шарху Мухтасариль Қудури, Китабун Никах – 668 бет.
[4] Имам  Тирмизи: "Сүнән"; Имам Әбу Дәуід: "Сүнән". Сахих хадис.

Абдусамат Қасым