Мас күйінде қиылған некесі санала ма?
Мас күйінде қиылған некесі санала ма?
3 жыл бұрын 4847

Сәлеметсіз бе! Неке қиғанда күйеуім мас еді. Үйленгенімізге он екі жыл. Басымыздан көп сынақ өтті. Әлі де өтіп жатыр. Соған жауап іздеп, ойланып жүргенімде жақында естідім, мас күйінде қиылған неке қабыл болмайды деп. Сол рас па? Рас болса біз не істеуіміз керек? Тағы неке қиямыз ба?  

Сәлеметсіз бе!

Мас күйінде қиылған неке, егер неке талаптарына сай қиылса ол – есептеледі. Бұған қатысты Әбу Ханифаның ұстазы Хаммадтан жеткізген деректе тәбиғин ғұлама Ибраһим ән-Нәхағи (рахимаһумуллаһ): «Мас адамның істеген іс-әрекеттерінің бәрі (шариғи тұрғыда) есептеледі» деген[1].

Сондықтан да, мас та болса күйеуіңізбен қиған некелеріңіз, егер неке шарттары сақталған болса, ондай неке шариғи тұрғыда заңды боп саналады.

Ал, ол некенің берекесі бола ма? – десеңіз, неке - қасиетті ұғым. Арақ ішіп мас болған күйі некеге отыру, біріншіден – күнә, екіншіден – некенің берекелі болуына белгілі дәрежеде кедергісін келтіруі мүмкін. Дегенмен, тәубе етіп, дұрысталған пендесін Алла кешірем деген. Соған орай, күйеуіңіз арақ ішуін қойып, намазға жығылса, үйде бес уақыт намаз бен Құран Кәрім оқылып тұрса, ол үйге береке кірері сөзсіз. Алла Тағала жалбарынған пендесін бос жібермейді.


 

Сынаққа қарсы жиі оқып жүретін дұғалар:

رَبَّنَا وَلَا تُحَمِّلْنَا مَا لَا طَاقَةَ لَنَا بِهِ ۖ وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَا ۚ

«Раббәнә уә ләә тухаммилнәә мәә ләә тооқотә ләнәә биһ! Уәъфу аннәә, уәғфирләнәә, уәрхамнәә, Әнтә мәуләәнәә».

Мағынасы:

«Раббымыз Алла! Бізге шамамамыз келмейтін нәрсені (сынақты) жүктеме! Бізді жарылқа. Бізді кешір. Бізге мейіріміңді төк. Сен біздің Иемізсің»[2].

 Және мына бір дұға:

"Раббии яссир уə лə туъассир. Рабби, тəммим бильхайр".

Мағынасы:

"Раббым, жеңілдет. Қиындата көрме. Раббым, жақсылығыңды толықтыр (кем етпе)!".

Алла жеңілдігін берсін! Үйіңіз берекеге толып, сынақтарды аман-есен, қиналмай жеңіп шығуларыңызды жазсын!


[1] Имам Мұхаммед: «әл-Әсәр».
[2] «Бақара» сүресі, 286 аят.

Абдусамат Қасым